Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында Қазақстан Халық кеңесінің рөлі мен оның қоғамдық мәселелерді шешудегі әлеуеті туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Халық кеңесі жай ғана пікірталас алаңы емес, ол елдегі заңнамалық процестерге тікелей әсер ететін органға айналмақ. Депутаттың айтуынша, жаңа құрылымның басты міндеті – қабылданып жатқан немесе қолданыстағы заңдарға сараптама жасау. Егер белгілі бір заңнамалық акт халықтың мүддесіне қайшы келсе немесе әлеуметтік жағдайды қиындатса, Кеңес оған өзгерістер енгізуді талап ете алады.
Бұл тетік Мәжіліс пен қарапайым азаматтар арасындағы байланысты нығайтады. Халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегі Кеңес арқылы заң жобаларына айналып, мемлекеттік деңгейде қаралады. Мұндай қадам шешім қабылдау кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамдық бақылауды күшейтеді.
Аймақтардағы қордаланған мәселелер көбіне жергілікті әкімдіктер деңгейінде қалып қоятыны жасырын емес. Халық кеңесі осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ерлан Саировтың сөзіне сүйенсек, Кеңес өңірлердегі өзекті проблемалар бойынша жергілікті басшылыққа нақты нұсқаулар мен ұсыныстар береді.
Маңызды тұсы – заң жүзінде әкімдіктер мұндай ұсыныстарды жай ғана оқып қоймай, міндетті түрде жан-жақты қарастырып, нәтиже шығаруға тиіс. Бұл ауыл-аймақтағы су, жол, жайылым немесе әлеуметтік нысандардың құрылысы сияқты мәселелердің жылдам әрі сапалы шешілуіне ықпал етеді.
Қазақстан Халық кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді қалпына келтірудің маңызды құралы. Ол азаматтардың өз дауысын естіртуге, елдің даму бағытын айқындауға қатысуына мүмкіндік береді. Халық пен мемлекет арасындағы тікелей диалог тетігі ретінде бұл институт саяси мәдениеттің жаңа белесіне айналмақ.





