Журналистің редакция тапсырмасымен емес, жүрек қалауымен қайта-қайта оралатын жерлері болады. Ондай мекендер адам өмірінен ешқашан өшпейді. Жетісу – мен үшін сондай қасиетті өлке.
Мен бұл өңірді ертеден, Жетісу облысы Қазақстанның әкімшілік картасында пайда болмаған кезден бастап білемін. Журналистік қызметімде өңірді басқарған Шалбай Құлмахановтың, Серік Үмбетовтің, Амандық Баталовтың және олардың ізбасарларының жұмысын жаздым. Аудандарды аралап, ауыл тұрғындарымен жүздестім, шағын ауылдар мен аудан орталықтарының тыныс-тіршілігін өз көзіммен көрдім. Әр кезеңнің өз үміті, өз міндеті, өз ерекшелігі болды. Нәтижесі де әрқилы еді.
Журналист мамандығы адамды билікке көзсіз сенуден сақтайды. Бұл журналист бәріне күмәнмен қарауы тиіс болғандықтан емес, керісінше, даңғаза уәделердің өмір шындығымен бетпе-бет келгенін жиі көретіндіктен солай. Журналистік қызметімде әдемі таныстырылымдармен басталып, қалың есептермен аяқталған талай өңірлік бағдарламаларды көрдім. Бірақ арада бірнеше ай өткен соң сол есептердің ешкімге керегі болмай қалатын. Шенеуніктің жады тоқсандық есептермен өлшенсе, журналистің жады адам тағдырымен өлшенеді. Ал адам тағдыры кез келген статистикадан әлдеқайда әділ. Сондықтан 2022 жылдың жазында Жетісу облысының қайта құрылғаны туралы жаңалықты сабырмен қабылдадым. Ерекше қуанышқа да, күмәнға да бой алдырмадым. Қазақстан бұған дейін де бірнеше әкімшілік реформаны бастан өткерді. Облыстар құрылды, таратылды, атаулар өзгерді, басшылар ауысты. Бірақ саяси картадағы өзгерістер адамдардың өміріне бірден әсер ете бермейтінін жақсы білетінмін. Жаңа облыс құру қиын емес. Ең қиыны – оған жаңа мазмұн беру. Кез келген билік алғашқы жүз күнді жақсы көреді. Өйткені дәл осы уақытта әсер қалдыру, дабыралы мәлімдемелер жасау, тез өзгерістерге уәде беру оңай. Бірақ мұндай сөздердің бәрін бағалайтын бір ғана төреші бар. Ол – уақыт.
Уақыт алдын ала берілген бағаны мойындамайды. Тек нақты нәтижені ғана қабылдайды. Егер бірнеше жылдан кейін де адам дәрігерге қаралу үшін бұрынғыдай ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр болса, балалар әлі күнге дейін лық толған мектептерде оқыса, жастар туған ауылынан көшіп кетсе, онда мемлекеттік бағдарламалардың қанша пайыз орындалғанының ешқандай мәні қалмайды. Сондықтан төрт жыл – ниет туралы әңгімені доғарып, нақты атқарылған іске баға беруге жеткілікті мерзім.
Жетісуға кезекті сапарға шығарда бұрынғыдай көріністі көремін деп ойладым: жаңадан салынған бірнеше нысан, инвестициялар туралы әңгіме, мерейтой қарсаңында дайындалған әсерлі сандар. Мұндай көрініс өңірлер жайлы жазған кез келген журналистке таныс. Алайда көп ұзамай мұнда бәрі әдеттегідей емес екеніне көзім жетті. Жетісу мінсіз өңірге айналды деуге болмайды. Ондай жер жоқ. Бұл өңірде де уақытты, қаржыны және саяси ерік-жігерді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Бірақ осы төрт жылдың ішінде облысқа бұрын жетіспеген бір қасиет орныққанын байқадым. Ол – жүйелілік. Бір қарағанда бұл сөз тым қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы сөз өңірдегі өзгерістердің мәнін айқын сипаттайды. Жүйелілікті жолдың шақырымы немесе миллиардтаған теңгемен өлшеу мүмкін емес. Ол биліктің бір даңғаза жобадан екіншісіне секірмей, адам өмірінің күнделікті сапасына әсер ететін мәселелерді біртіндеп әрі табанды түрде шешуге ұмтылуынан байқалады.
Жаңа ауылдық амбулаторияның ашылуы саяси сенсация емес. Заманауи мектеп республикалық газеттердің бірінші бетіне шыға бермейді. Шағын ауылдағы мәдениет үйі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызбайды. Бірақ дәл осындай көзге көп түсе бермейтін өзгерістер халықтың мемлекетке, өңір басшысына, аудан әкімдігіне деген сенімін қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі Жетісудағы басты өзгерістерді ресми есептерден емес, адамның мемлекетпен күн сайын жүздесетін жерлерінен іздеу керек. Олар – аурухана, мектеп, спорт залы, кітапхана және сапалы жол.
Төрт жылдың ішінде облыста әлеуметтік салада 276 нысан салынып, қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Құрылысты немесе күрделі жөндеуді қажет еткен инфрақұрылымның 55,8 пайызы жаңартылды.
Әрбір көрсеткіштің артында нақты адамдар тұр. Бұл — жаңа мектепке ие болған мұғалім, заманауи медициналық құрылғылармен жұмыс істейтін дәрігер, алғаш рет баспаналы болған жас отбасы, енді бейімделген ғимаратта емес, нағыз спорт кешенінде жаттығатын бала.
Мемлекет қаулыларымен емес, адамдардың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасалған кезде ғана өзінің шынайы мәнін көрсетеді.
Сондықтан бүгінгі Жетісу туралы әңгімені басшылардың аты-жөнінен, инвестиция көлемінен немесе экономикалық көрсеткіштерден емес, ең алдымен адамнан бастау қажет.
Өйткені кез келген мемлекеттік реформаның ең әділ өлшемі – адам.
II тарау. Таңдай білу де өнері
Журналистік қызметімде өңірлерді басқарған ондаған команданың жұмысын көрдім. Әрқайсысының өзіне тән басқару мәнері болды. Бірі ауқымды жобаларымен таңғалдырғысы келсе, енді бірі жылдамдықпен ерекшеленді, үшіншілері қол қойылған меморандумдардың көптігін жетістік санады. Бірақ уақыт бәрін өз сүзгісінен өткізеді. Ақырында екінші кезектегі дүниелер ұмытылады.
Бірнеше жылдан кейін адамдар белгілі бір әкімнің қанша жиын өткізгенін еске алмайды. Олар есінде тек «сапалы медициналық көмек көрсететін аурухана салынды ма?», «балаларға жайлы мектеп бой көтерді ме?», «ауылға ауызсу, табиғи газ, сапалы жол жетті ме?» – деген дүниелер қалады. Тарихтың ең үлкен әділдігі де осында. Ол саяси мәлімдемелерді емес, олардың нәтижесінде не қалғанын ғана есте сақтайды.
Соңғы жылдары түрлі деңгейдегі басшылармен дидарластым. Олардың барлығы даму, инвестиция тарту, жаңғырту, адами капиталды тілге тиек етті. Айтылған сөздердің бәрі орынды еді.
Алайда сөз бен істің арасында әрдайым белгілі бір арақашықтық болады. Бірі билікті үнемі көпшілік назарында жүрудің мүмкіндігі деп қабылдайды. Ал енді бірі күнделікті, көпшілікке байқала бермейтін еңбек деп түсінеді. Оның нәтижесі бірден емес, жылдар өткен соң ғана көрінеді. Меніңше, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың басқару стилі дәл осы екінші санатқа жатады.
Алғашқы мамандығы журналист болғанымен, ол қызмет барысында тек ақпараттық себептермен өмір сүретін саясаткерге айналған жоқ. Оның жұмысынан шаруашылыққа тән ұқыптылық пен жүйелілік көбірек байқалады. Сондықтан болар оның қабылданған шешімдердің көбі бірден әсер қалдырмауы мүмкін, есесіне уақыт өте келе нақты нәтижесін бере бастайды. Әрине, бұл облыста барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Мұндай байламға келсек әділетсіздік болар. Өйткені өңір дамыған сайын жаңа міндеттер мен мәселелер де туындай беретіні белгілі. Дегенмен бір нәрсені ерекше айта кетуіміз керек. Бүгінде Жетісуда белгілі бір басқару жүйесі қалыптасып келеді. Бұл жүйе жекелеген нысандардың немесе даңғаза жобалардың төңірегінде құрылмаған. Оның өзегінде адам тұр. Адамның денсаулығы, сапалы білім алуы, спортпен айналысуы, жайлы өмір сүруі, туған өлкесінде еңбек етіп, демалуы – негізгі басымдыққа айналған. Қарапайым халық мемлекеттің қамқорлығын ең көп сезінетін сала – денсаулық сақтау.
III тарау. Ұлт саулығы – ел байлығы
Экономиканың даму қарқыны, бюджет саясаты немесе өнеркәсіп пен туризмнің болашағы жөнінде пікірталас жүргізуге болады. Бірақ адам денсаулығына келгенде дауласуға болмайды. Мұнда кез келген әдемі сөз өмірдің өзімен сыналады. Халықтың басым көпшілігі облыс әкімдігінің табалдырығын өмірінде аттамауы мүмкін. Министрлер мен депутаттардың есімдерін де білмейтіндер де жетіп артылады. Бірақ әр адам кем дегенде бір рет емханаға, аудандық ауруханаға немесе ауылдық дәрігерлік амбулаторияға барады. Сол жерде адам мемлекетпен алғаш рет шынайы жүздеседі. Үкімет қаулылары, ресми есептер, теледидардағы сюжеттерде емес, науқасқа көмектесуге тиіс дәрігердің қабылдау бөлмесінде. Сондықтан медицина кез келген билік үшін ең әділ емтихан болып қала береді. Жетісу да бұл тұрғыда өзгелерден ерекшеленген жоқ. Елдің көптеген өңірлері сияқты мұнда да ауыл медицинасы ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелермен өмір сүрді. Кейбір медициналық пункттер бейімделген ғимараттарда орналасты, енді бірі күрделі жөндеуді қажет етті. Ал дәрігерлер ескірген материалдық-техникалық базаның орнын өздерінің кәсіби шеберлігімен толтыруға мәжбүр болды. Мұндай мәселелер бір ғана қаулымен шешілмейді. Оларды ұранмен немесе кезекті бағдарламамен де еңсеру мүмкін емес. Мұнда ең алдымен төзім, жүйелі жұмыс және медицинаға салынған инвестицияның бірден саяси нәтиже бермейтінін түсіну қажет. Аурухана рейтинг әкелмейді. Ол халықтың сенімін қалыптастырады. Ал сенім баяу қалыптасады.
Соңғы төрт жыл ішінде Жетісу облысында 149 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде 59 медициналық мекеме «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Тағы 13 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.
Соның нәтижесінде өңірдегі медициналық инфрақұрылымның 63,8 пайызы жаңартылды. Бұл – жай ғана статистика емес. Жаңа медициналық нысандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтерді. Себебі ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі ең өзекті мәселе болатын. Бұрын маманның қабылдауына бару үшін ондаған шақырым жол жүруге тура келетін.
Қазір бұл жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық кабинеттер жай ғана құрылыс нысаны емес. Олар халыққа сапалы медициналық көмектің облыс орталығында ғана емес, өз ауылында да қолжетімді екенін сезіндіреді. Сонымен бірге заманауи денсаулық сақтау тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Әдемі қабырға ешкімді емдей алмайды. Нағыз медицина дәрігердің нақты диагноз қоюына, науқастың уақытылы тексеруден өтуіне мүмкіндік туған кезде ғана басталады.
Сондықтан құрылыс жұмыстарымен қатар емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да жүйелі түрде жаңартылды. Тек өткен жылдың өзінде 165 дана заманауи медициналық құрал-жабдық пен 29 санитарлық автокөлік сатып алынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасуда. Ілкімді істің арқасында медициналық ұйымдардың заманауи техникамен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті.
IV тарау. Болашақтың бастауы
Кейбір билік өкілдері дамуды салынған нысандардың санымен өлшейтін әдеті бар. Мектеп салынды – есепке белгі қойылды. Спорт залы ашылды – тағы бір белгі. Кітапхана пайдалануға берілді – кезекті есепті дайындауға болады. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз көрінеді. Бірақ өмірдің өлшемі басқа. Мектеп әдемі ғимарат үшін салынбайды. Спорт кешені салтанатты лентаны қию үшін тұрғызылмайды. Ал кітапхана статистикадағы бір сан үшін ашылмайды. Осының бәрі бір ғана мақсатқа қызмет етеді – адамның туған жерінде өмір сүргісі келуі үшін.
Соңғы онжылдықтарда Қазақстанда білім беру саласында талай реформа жүргізілді. Министрлер ауысты, бағдарламалар мен стандарттар өзгерді, жаңа оқулықтар шықты. Әрбір жаңа команда серпіліс жасаймыз деп уәде берді. Бірақ өңірлерді аралай жүріп бір ақиқатты түсіндім: білімнің тағдырын министрліктің кабинеттері емес, қарапайым ауыл мектебі шешеді. Егер мектептің іші қыста жылы болса, балалар бір ауысымда оқыса, мұғалім төбеден су ағуын емес, шәкірттерінің білімін ойласа – демек мемлекет өз міндетін орындап жатыр. Жетісуда да өзгеріс дәл осы жерден басталғандай.
Бүгінде облыста үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді.
Бір қарағанда бұл – есептегі қарапайым жол ғана. Ал ата-аналар үшін оның маңызы әлдеқайда зор. Бұл – баланың үйіне жарықта қайтуы, үйірмелерге қатысуға, спортпен айналысуға, кітап оқуға уақытының болуы деген сөз.
2022–2025 жылдары облыста 41 мектеп жаңғыртылды. Президент тапсырмасымен Панфилов ауданында және Достық стансысында жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» салынды. Биыл тағы төрт жаңа мектеп пайдалануға беріледі, үш мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Мектеп жай ғана ғимарат емес. Ол – баланың әділеттілік туралы алғашқы түсінігін қалыптастыратын орта. Егер қаладағы оқушылар заманауи сыныптарда білім алып, ауыл балалары ескі мектепте оқуға мәжбүр болса, онда тең мүмкіндік туралы сөздің мәні қалмайды. Жетісуда осы айырмашылықты біртіндеп азайтуға күш салынуда. Балаларды тек тыйыммен тәрбиелеу мүмкін емес. Оларға күш-қуатын дұрыс арнаға жұмсайтын орта қажет. Сондықтан бүгінде спорт – тек медаль алу жолындағы жарыс емес. Ол – ұлт денсаулығының, мінездің және болашақтың кепілі.
Соңғы жылдары Жетісу волейболдан республикадағы жетекші өңірлердің біріне айналып келеді. Талдықорғанда жатақханасы, оқу-жаттығу базасы және барлық қажетті инфрақұрылымы бар жаңа волейбол орталығы ашылды. Қазір мамандандырылған волейбол академиясын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Төрт жыл ішінде 39 спорт нысаны жаңғыртылды. Жақын арада тағы жеті нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешені, көркем гимнастика залы және ауылдардағы бірнеше модульдік спорт кешені пайдалануға беріледі.
Әсіресе Лепсі ауылындағы спорт интернаты ерекше мәнге ие. Бұрын мұндай ауылдар жастар көшіп кететін мекен ретінде танылатын. Енді дәл осы жерден болашақ чемпиондардың жолы басталуы үшін жағдай жасалуда. Бұл – мүлде жаңа көзқарас. Дарынның қалаға келуін күтпей, оның туған жерінде дамуына мүмкіндік жасау.
Қоғамның рухани деңгейін дәл көрсететін тағы бір орын бар. Ол – кітапхана. Қай өңірге барсам да, міндетті түрде кітапханаға соғамын. Сирек кітап іздегендіктен емес, кітапхана қоғамның көңіл күйін айқын көрсететін орын болғандықтан. Егер кітапхана бос тұрса, кітаптарға ешкім қол созбаса, ғимарат тозып тұрса, бұл қоғамдағы мәселенің терең екенін білдіреді. Ал кітапханада балалар, жастар, зейнеткерлер көп болса, демек ол өңірдің болашағы бар. Сондықтан ауылдарда мәдениет үйлері мен кітапханалардың салынуы ресми есептегі жай ғана нысан емес.
Облыста 34 мәдениет нысаны жаңартылды. Сарыөзекте жаңа заманауи кітапхана салынып, жақын арада алғашқы оқырмандарын қабылдайды. Мұны әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір нысаны деуге болады. Ал мен үшін болашақ ауыл кітапханасының сөресінен алынған бір кітаптан басталады. Оның құнын ешқандай статистикамен өлшеу мүмкін емес.
V тарау. Тұмса табиғат аясында
Жетісу туралы сөз болғанда ең алдымен көз алдымызға табиғат келеді. Жоңғар Алатауының асқақ шыңдары, Балқаш пен Алакөлдің жағалауы, Бұрқанбұлақ сарқырамасы, Көлсай мен өзге де көрікті мекендер – мұның бәрі өңірдің табиғи байлығы. Алайда табиғаттың әсем болуының өзі жеткіліксіз. Егер оған апаратын жол болмаса, туристі қабылдайтын жағдай жасалмаса, ол тек суреттегі көрініс болып қала береді.
Соңғы төрт жылда Жетісуда туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Негізгі мақсат – табиғи әлеуетті халықтың әл-ауқатын арттыратын нақты экономикалық ресурсқа айналдыру. Осы бағытта Алакөл көлінің жағалауы қарқынды дамып келеді. Жағажайлар абаттандырылып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда, жолдар жөнделіп, электр және сумен қамту жүйелері жақсартылды. Сонымен қатар өңірдің басқа да туристік бағыттары назардан тыс қалған жоқ. Экотуризмді, тарихи-танымдық және ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Туризмнің басты нәтижесі – келген туристердің саны емес. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, шағын және орта бизнестің дамуы, ауыл тұрғындарының табысының артуы. Егер ауыл тұрғыны өз үйінде қонақ қабылдап, табыс таба алса, қолөнер бұйымдарын сатып немесе қызмет көрсете алса, онда туризм өз міндетін орындағаны. Сондықтан Жетісуда туризм табиғатты тамашалау ғана емес, ауыл экономикасын дамыту құралы ретінде қарастырылып келеді.
VI тарау. Уақыт таразысы
Төрт жыл – тарих үшін өте қысқа мерзім. Бірақ кез келген бастаманың бағытын бағалауға жеткілікті уақыт. Жетісуда осы төрт жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың бәрін мінсіз деуге болмайды. Әлі шешімін күткен мәселелер аз емес. Алдағы уақытта да жолдар салынып, мектептер мен ауруханалар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылым жаңара береді. Өйткені өңірдің дамуы ешқашан тоқтамайды. Дегенмен бүгіннің өзінде бір маңызды қорытынды жасауға болады. Жетісуда даму кездейсоқ шешімдермен емес, жүйелі жоспармен жүзеге аса бастады. Бұл өзгерістердің басты ерекшелігі – олардың адамның күнделікті өміріне әсер етуінде. Жаңа мектеп балаға мүмкіндік береді. Жаңа аурухана адамның өмірін сақтайды. Спорт кешені жастардың болашағына жол ашады. Мәдениет үйі мен кітапхана қоғамның рухани дамуына қызмет етеді. Жөнделген жол ауыл мен қаланы жақындастырады.
Осындай қарапайым көрінетін дүниелердің жиынтығы мемлекетке деген сенімді қалыптастырады. Өйткені мемлекет ең алдымен адамның күнделікті өмірінде сезілуі тиіс. Ол биік мінберлерден сөйлеген сөздерден емес, дәрігердің қабылдауынан, мұғалімнің еңбегінен, ауылдағы таза ауызсудан, жарық көшеден, сапалы жолдан көрінеді. Жетісудың бүгінгі дамуының негізгі ерекшелігі де осында.
Бұл өңірде алдымен адамның өмір сапасын жақсартуға басымдық беріліп келеді. Уақыт өте келе салынған әр мектептің, ашылған әр амбулаторияның, пайдалануға берілген әр спорт кешенінің шынайы бағасын халықтың өзі береді. Өйткені уақыт – ең әділ сарапшы. Адам игілігі үшін атқарылған іс қана уақыт сынынан өте алады.
Бигелді Ғабдуллин









