Абай Құнанбайұлы «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп әр дәуірдің талабына сай білім мен ізденістің маңызын ерекше атап өткен. Бүгінде заман түбегейлі өзгерді. Цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына дендеп еніп, адамдардың еңбек ету, білім алу, қызмет көрсету және өзара қарым-қатынас жасау тәсілдерін өзгертті. Қазіргі таңда интернетті, цифрлық сервистерді немесе ақпараттық технологияларды пайдаланбайтын адам жоқтың қасы.
Алайда цифрлық кеңістіктің дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлерді де ала келді. Жеке деректердің заңсыз таралуы, интернет алаяқтығы, кибербуллинг, авторлық құқықтың бұзылуы сияқты мәселелер азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Сондықтан жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты қағидаттардың заманауи талаптарға сай күшейтілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім.
Бұл өзгерістер әрбір азаматтың заңмен қорғалуына, оның ішінде цифрлық ортадағы құқықтарының сақталуына құқықтық негіз қалайды. Мемлекеттің басты міндеті – технологиялардың дамуына кедергі келтіру емес, керісінше, оларды қауіпсіз әрі заң аясында пайдалануға жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа конституциялық қағидаттар азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуға ықпал етеді.
Жаңа Конституцияның басты құндылығы – оның әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етуінде. Цифрлық дәуірде адамның құқығын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – елдің орнықты дамуының негізгі кепілі. Сондықтан бұл өзгерістер Қазақстанның өркендеуіне, азаматтардың әл-ауқатының артуына және құқықтық мемлекеттің нығаюына қызмет етеді.
Осы маңызды саяси өзгерістерді қолдау – әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өйткені Конституция – мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің құқығы мен болашағын айқындайтын негізгі заң.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің
аға оқытушысы





