Қазақстанда тұрғын үй несиелерін ресімдеу процесі айтарлықтай жеделдеп, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік туды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде тұрғын үй несиесін алу барысы жыл сайын жеңілдеп келеді. Үкімет отырысында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім еткендей, банк ипотека рәсімдеу, үйді кепілге қою және меншік құқығын тіркеу сияқты негізгі процестерді толықтай цифрлық форматқа көшірді. Цифрландыру мен заманауи технологиялардың арқасында тұрғын үй несиелерінің 60%-ы блокчейн арқылы берілуде.
Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта «Отбасы банк» қызметін 4 млн адам тұрақты пайдаланады. Мекеме күн сайын 300-ден астам азаматтың баспаналы болуына ықпал етуде. Банк мемлекеттік қызметтер мен жасанды интеллект шешімдерін бір жүйеге тоғыстырды.
2021 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе енгізілген блокчейн жүйесі бүгінде өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Осы уақытқа дейін бұл технология арқылы 254 мыңнан астам операция орындалған. Ең бастысы, бұл жаңашылдық қазақстандықтардың 500 мың сағаттан астам алтын уақытын үнемдеуге жағдай жасады.
Бұрын азаматтар баспананы кепілге қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, құжаттардың бекітілуін 5 жұмыс күні бойы күтетін. Қазіргі цифрлық сервистердің арқасында бұл процедура барысы небәрі 10-15 минут ішінде аяқталады.
Сондай-ақ, банк клиенттері үйді жалға беру, меншік құқығын куәландыру және несие толық төленгеннен кейін кепілдік шектеуді алып тастау қызметтерін де үйден шықпай-ақ онлайн режимде орындай алады.





