Аптап ыстықтың күшеюіне байланысты тұрғындар денсаулығына ерекше көңіл бөлуі қажет. Бүгінде қан қысымының тұрақсыздануы салдарынан инсульт алу көбейді.
Жоғары температура адам ағзасына салмақ түсіріп, күн өту, сусыздану, қан қысымының ауытқуы сияқты қауіпті жағдайлар жиілеуде. Мұндай аптап ыстықта балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтар сақ болғаны жөн.
Ең алдымен күннің ең ыстық уақыты – сағат 11.00 мен 17.00 аралығында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге тырысыңыз. Егер сыртқа шығу қажет болса, ашық түсті, жеңіл әрі табиғи матадан тігілген киім киіп, бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік қолданған дұрыс.
Ыстық күндері үй-жайды таңертең және кешке желдетіп, күндіз пердені жауып қойған дұрыс. Егер кондиционер қолданылса, бөлме температурасы тым төмен болмауы керек.
Ыстық күндері ағзаға артық салмақ түсірмей, жеткілікті мөлшерде су ішіп, күннің астында ұзақ жүрмеуге кеңес беремін. Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгініңіз.
Сымбат ЖАҚИЯНОВА,
облыстық инсульт орталығының
невролог дәрігері





