Елімізде агропрофильді сыныптарды енгізу жоспарланып отыр. Онда оқушылар фермерлік істі оқып, тәжірибелік дағдыларды меңгере алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Мәжіліс жанындағы аграрлық мәселелер жөніндегі комитет отырысында айтты. Оның сөзінше, агросыныптар жастарды ауыл шаруашылығына қызықтыруға, тәжірибе беруге және агроөнеркәсіптік кешен үшін болашақ мамандарды даярлауға көмектеседі.
– Ресейде өткен жылдан бастап мектептерде агросыныптар енгізілуде. Ондай оқушылар тәжірибелік жұмыстарды орындайды, ал түлектер университеттерге грантқа түсу кезінде басымдыққа ие болады. Қазақстанда колледждер, университеттер және жұмыс берушілермен ынтымақтастықта салалық қажеттіліктерді ескере отырып, агросыныптарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында пилоттық агрокласстар ашылады, – дейді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық жерлерде кемінде 3 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен гранттарға квота енгізуді жоспарлап отыр. Ал университеттер студенттердің заманауи тәжірибелік дағдыларды игеруі үшін материалдық-техникалық базаны нығайтады. Бұл норма Үкімет мақұлдаған мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген.
Айгүл Байжұмақызы





