«Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру». Осындай тақырыппен Тіл сарайында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен семинар өтті.
Жиынды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова жүргізді.
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші», – деп атап өткен еді. Сондықтан да, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді уақытылы әрі сапалы орындау, «Мониторинг» ақпараттық жүйесінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мерзімін уақытында көрсету мақсатында аталмыш шараны ұйымдастырдық. Ауыл, аудан, қала және облыста мемлекеттік қызмет көрсету бойынша орын алған кемшіліктер айтылып, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жасалатын болады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына назар аударайық, – деді Жаңыл Мағданқызы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Бауыржан Сеитов мемлекеттік қызмет сапасы жайында баяндама оқыды. «InCraft» жобасының басшылары Гаухар Мұхамеджанова және Меруерт Сұлтанбекова жұмыс нәтижелерін бейнеүзік арқылы көпшілікке ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорациясы» облыс бойынша филиалының бас менеджері Нәзігім Ибрагимова, ақпараттық ресурстарды енгізу бөлімінің бастығы Александр Станиславович, электрондық оқыту жүйесін енгізу және білім сапасын бағалау бөлімінің бастығы Арапби Меңлібаевтар да өз ойларымен бөлісті.
Бүгінде отбасы және балалар, мектепке дейінгі және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру салаларында 37 мемлекеттік қызмет белгіленген. Білім басқармасы тарапынан 3, басқармаға қарасты облыстық мекемелерде 12 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде 858 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орнатылған.
Білім басқармасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуде Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алады және өз құзыреті шегінде облыс жұртшылығына білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық, консультациялық, әдістемелік қолдау көрсетеді.
Басқарма тарапынан «Өзгерісті өзіңнен баста» жобасы аясында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы мемлекеттік қызметтерді электронды нысанда алу туралы бейнеүзік түсіріліп, жұртшылыққа насихатталуда.
Мемлекеттік қызметтер бойынша тиісті анықтамалық-ақпараттық, құқықтық кеңес беру мақсатында басқармада 8 (7282) 32-93-36 нөмірлі «Саll centr» өз жұмысын нәтижелі атқарып келеді.
Еңлік КЕНЕБАЕВА
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды





