Көктем – диқандардың жер жыртып, егін салуға асығатын мезгілі. Биыл да осы үрдіспен ауданда көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге дайындық шаралары белсенді өткізілуде. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес биылғы егістік көлемі 96 700 гектар аумақты алады. Оның ішінде дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс, бақша дақылдары, көпжылдық шөп бар.
Әрине, жақсы өнім минералды тыңайтқышты тиімді қолданудан алынады. Аудан бойынша 2025 жылдың өнімін ұлғайту мақсатында 6240 тонна әртүрлі минералды тыңайтқыш алу жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге ауылшаруашылығы техникаларын егіс жұмыстарына дайындау жұмыстары қарқын алды. Ауданда 3199 дана ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтары болса, доңғалақты және шынжыр табанды тракторлар, соқа, сепкіш, қопсытқыш, жер тырмалары көктемгі науқанға сақадай сай тұр.
Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 88 шаруа қожалығы 1625,62 тонна, күзгі дала жұмыстарына 87 шаруа қожалығы 2008,6 тонна арзандатылған дизель отынына «ГосАгро» бағдарламасы арқылы өтінім беріп, оператормен келісімшарт жасалуда.
Егістік науқанына дайындыққа кіріскен «Аманжол» шаруа қожалығына Күлбану Молгаждарова жетекшілік етеді. Қожалыққа тиесілі 90 гектар егістік алқабына дәнді дақылдар себуге арналған техникалар жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан берілетін арзандатылған жанар-жағармайға сұраныс беріліп, ауданымызға жеткізілуін күтуде. Биыл шаруа қожалық жүгері, қант қызылшасы, арпа себуді жоспарлаған. Бұл дақылдардың тұқымы күз мезгілінен дайындалған болатын. Тұқым ауданымызда орналасқан сараптама орталығындағы арнайы зертханадан өткізілді. Күлбану Асқарқызы зертхананың аудан орталығында орналасқанына дән риза. Сондай-ақ, былтыр егістік суару мәселесінде туындаған қиындықты биыл болдырмас үшін арық жүйелері алдын ала тазартылып, су жолы ашылды.
Шаруашылықтың қант қызылшасын себуге жоспарланған 15 гектар егістік алқабына былтыр күзде сүдігер салынған. Өткен жылы 300 тоннаға жуық тәтті түбірді Ақсу қант зауытына өткізген «Аманжол» шаруа қожалығы биыл да сол межеден көрінуге қам жасауда.
Жақсылық ИГІМАН,
Сарқан ауданы
Фото: pavlodarnews.kz





