БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) климаттың өзгеруіне байланысты әлемдегі ормандардың басым бөлігіне қауіп төніп тұрғанын хабарлады, деп жазады 7-su.kz ақпараттық порталы Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшылардың мәліметінше, ормандардың жойылуы мен деградациясының негізгі себептері – температураның көтерілуі, ылғалдың азаюы, зиянкестердің көбеюі және орман өрттерінің жиілеуі.
Бүгінде БҰҰ ЕЭК жауапкершілігі аймағындағы елдер – Еуропа, Солтүстік Америка, Кавказ және Орталық Азия – әлемдегі орман ресурстарының 40 пайызынан астамын құрайтын 1,76 миллиард гектар орман алқабына ие. Соңғы жылдары аймақтағы орман көлемі 60 миллион гектарға артқанымен, жаһандық деңгейде жыл сайын 10,9 миллион гектар орман жойылып келеді.
БҰҰ ЕЭК өкілі Паола Деданың айтуынша, 2021 жылы орман өрттері 12,6 миллион гектар орманды жойған. Ал тағы 73 миллион гектар орман зиянкестер мен түрлі аурулардың салдарынан зардап шеккен.
– Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, көміртекті сіңіріп отырған ормандар, керісінше, атмосфераға шығарындылар тарататын көзіне айналуы мүмкін. Бұл жаһандық климаттық мақсаттарға тікелей қауіп төндіреді, – деді Паола Деда.
БҰҰ ЕЭК мүше елдері ормандарды қорғау және экожүйелерді қалпына келтіру бойынша бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруда. Мысалы, Орталық Еуропада экожүйеге зор зиян келтірген қышқыл жаңбырмен күрес шарасы табысты іске асырылып келеді.
1990 жылдан бері биоалуантүрлілікті сақтау және топырақ пен су ресурстарын қорғауға арналған аумақтар екі есеге артқан. Қазір 300 миллион гектардан астам орман заңмен қорғалған, бұл Италия аумағына тең.
Соған қарамастан, сарапшылар климаттық өзгерістер орман экожүйелерінің тозуын жеделдетіп, ондаған жылдар бойы қол жеткізілген экологиялық жетістіктерді кері қайтару қаупі бар екенін атап өтті.
БҰҰ ЕЭК бореалдық ормандарға (Арктика маңындағы ормандарға) ерекше назар аударып отыр. Бұл ормандарда жер шарындағы көміртегі қорының 32 пайызы шоғырланған. Алайда мұздықтардың еруі мен температураның жоғарылауы бұл жүйеге кері әсерін тигізуде.
Ұйымның мәліметінше, 1990 жылдан бері ормандардағы көміртегі қоры 11 пайызға өскен. Дегенмен, бұл артықшылық климаттық дағдарыс салдарынан жойылып кетуі мүмкін.
БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан дабыл қағып, соңғы 30 жылдағы барлық жетістіктерге қауіп төніп тұрғанын айтты.
– Біз планетаның ең қуатты табиғи қорғаныс механизмін жоғалтуға жол бере алмаймыз. Орманды сақтау енді тек экологиялық емес, жаһандық қауіпсіздік мәселесіне айналды, – деді ол.





