Сократ дұрыс айтады негізі…Қария Сократ: «Білетіндер ғана билік етуі тиіс», – дейді. Былай қарасаңыз, абстракталы сөз. Нені білуі керек? Билік сөзі айтылған соң маңайындағылардың жағдайы мен талабын, олардың мақсат-мүддесін білуі тиіс деп топшылайық. Құл иленуші өз құлдарының сыры мен сынын білмесе де әмірімен басқарады. Ал демократия таңы атқан дәуірде құл деген таным жоқ. Баршаның үні де, мүддесі де ескерілуі тиіс. Сондай дәуірде шынында білетіндер ғана билік тізгіндесе құп. Осынша философия бөшкесіне (Диоген Синопский деген пәлсапашы ғұмыр бойы бөшкеде өмір сүріпті. Содан философия сөз болса, бөшке де қатар қолданылады) түспей-ақ, тамырды тереңнен тартуға тура келіп тұр. Кей орында халықтың талабы мен мақсат-мүддесін, жағдайы мен жанайқайын білмейтіндер отырғандай көрінеді. Олар тағы да шырылдаған тұрғынның үнін шыбынның ызыңындай қалыпты жағдайға балайтындай. Халық талабы – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйықты жасау емес, Мемлекет басшысы айтқандай, өмір сүруге қолайлы ортаға қол жеткізу. Сол халықтың қатарында Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Абай ауылының тұрғындары да бар. Бірақ, олардың атқарушы билікке қойып жүрген талабы тыңдаусыз, өмір сүруге қолайлы ортасы тым алыс. Тарқатайық…
АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ
Абай елді мекені Жетісу облысының орталығынан бар-жоғы 10-15 минуттық жерде орналасқан. Көлік тізгіндеген жан Қарабұлақ ауылы арқылы Жалғызағаш, Биғаш арқылы өтетін үлкен жолға шықса жетіп жатыр. Аудан орталығынан 5 шақырымдай жол еңсерсе, Абай ауылына табаны тиеді. Сол ауылға шынында бағыт алсаңыз, мобильді телефоныңызды қалтаңыздан шығармасаңыз да болады. Біреу іздеп қоңырау шалады деп алаңдауға негіз жоқ. Іздегенмен ешкім сізді таппайды. Ауызекі тілде смартфонды тілшілер қауымы қалтафон атайды. Қалтада жүретін болған соң. Шын мәнінде абайлықтар қолданатын, қолданатын емес, ұстап жүрген құрылғыны қалтафон десек болғандай. Өйткені бұл ауылда мобильді байланыс жайы нашар. Жоқ десе де болғандай. Ауылдан тыс жердегі ағайынмен байланысқа шықпақ болсаңыз, қыр асып, төбеге шығып кетесіз. Шығармашылық шабыт шақыру үшін емес, шалғайдағы ағайын-туғанмен сөйлесу үшін төбе түгендеп жүргендердің бірі – Серік Жұмаділ. Осы ауылға 7 жылдан бері тұрақтаған тұрғын қайраңда қалған қайықтай өркениеттен ада тұрмыс кешіп келеді.
– Қарабұлақ ауылы мен Жалғыз- ағаш елді мекені ортасында тұрған аралдаймыз. Екі ауылда да мобильді байланыс бар. Бізде жоқ. Өркениеттің озық жемісі телефон мен интернет қой. Бірақ осы дүниеге қолымыз жетер емес. Қытайдан байланыс күшейткіш 2 қондырғы сатып әкеліп орнаттық. Көршілерге де әкеп бердік. Әрқайсысы 45 мың теңге. Дейтұрғанмен, оның да өмірімізге өзгеріс әкелгені шамалы. Қар, жаңбыр жауып, тұман түскенде айдаладағы ақ отаудай байланыссыз қаламыз. Аудан атқамінерлеріне талай базыналап айттық. Былтыр мобильді байланыс антеннасын құруды бастаған. Бірақ, онысы аяқсыз қалды. Сандық технология дәуіріне жеттік дейтін шығар, бірақ ауыл балалары өркениеттен қалып барады, – дейді Серік Жұмаділ.
Ауыл тұрғыны Күлғайша Станбекова да күйініп жүргенін жеткізді. Айтуынша, салғандар тоймаған, не алған адам тоймаған. Содан басталған жоба аяқсыз қалып отыр.
– Ауылға жастарды тартамыз десек, мәселені осыдан бастауымыз керек. Себебі, интернетсіз ел ішіне жас түгіл жасамыс та келмеуге тырысады. Балаларымыз бен немерелеріміз қалада. Анда-санда сағынып, бейне- байланыспен сөйлесіп, мауқымызды басқымыз келеді. Бірақ, атың өшкір интернет жоқ. Төбе-төбеге шығуға денсаулық жарамайды. Бала мен ата- ананың байланыссыз қалуы қиянат емес пе мына заманда? Сол қиянатты кім істеп отыр? – дейді кейуана.
ҚАПТАҒАН ХАТТАН ІС ТЫНСА
Жоғарыда айтқанымыздай, Абай ауылы Қарабұлақ ауылдық округінің құрамында. Ауылдық округ әкімі Сержан Оңалбаевқа жолықтық. Ол тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын алға тартты. Әлсін-әлсін антенна орнатушыларға хат жолдайды екен. Өзінің алдындағы әкім де хатпен тиісті құрылымды жиі мазалапты. Хат жолдағаннан іс бітсе?! Қолымызға ауылдық округтің бұрынғы әкімі Б. Дүйсебаевтың кезінен жазылған хаттарды ұсынды. Басы 2020 жылдан басталады. Бірақ, 2023-24 жылдары жазылғандарын көрмедік. Абайлықтардың дені Beeline және Active операторларын құп көреді екен. Содан жергілікті әкімдік ұсыныс тастап, арнайы орын белгіленіп, 2024 жылы Beeline-ның құрамдас компаниясы «Кар-Тел» ЖШС мұнара қоюды бастаған. Бірақ онысы аяқсыз қалған.
– Қарабұлақ ауылдық округінің құрамындағы ауылдардың тұрғындары қосылған whatsapp мессенджер топтарында бармын. Бұл мәселені жіті назарда ұстап отырмыз. Хат та жолдадық. Телефонмен де сөйлестік. «Кар-Тел» ЖШС басшылығы ауысып, құрылымның меншігіндегі заттарды қайта есептеу жүріп жатқанын айтты ондағылар. Содан бері әлі антенна іске қосылмады, – дейді Сержан Оңалбаев.
Қазақстанда мобильді байланыс таратушы операторлар саны жеткілікті болғанмен бәрі интернет ағынын «Қазақтелеком» АҚ-дан алады. Ауданда орналасқан осы құрылымның бөлімшесіне бас сұқтық. «Қазақтелеком» АҚ Текелі – Ескелді ЖТС-тің бас инженері Мақсат Жармұхамбетов мобильді байланыс пен интернетке ешқандай қауқар таныта алмайтынын жеткізді.
– Абай ауылында біздің тараптан 20 мБт сымсыз интернет желісі 60 абонентке тегін қосылған. Оның 40-ы ауылдық округ әкімдігі ұсынған әлеуметтік аз қамтылған отбасы. Ауыл үстінен Жалғызағаш елді мекеніне қарай оптоволокондық кабель тартылған. Бюджеттен қаржы қаралса, Абайға да сол кабельден желі тартып беруге болады. Ал мобильді байланыс бойынша, біз ештеңе істей алмаймыз, – деді «Қазақтелеком» АҚ Текелі – Ескелді ЖТС-тің бас инженері.
Жылына бір хат жазып қою әкімдіктің қалыпты тірлігі. Бірақ, Мемлекет басшысы кез келген мәселені жан-жақты зерделеп, шешуді қарастыруды биліктің әр сатысына жиі еске салып отырады. Дейтұрғанмен, хат жазудан өзге мобильді байланыс операторы Beeline-мен шектеліп қалмайтынын, елімізде мұндай қызмет ұсынатын өзге де құрылымдар барын әкімдіктің есіне біз де салып қоялық.
МЕКТЕПКЕ ЕПТЕП ЗЕР САЛСА
Абай ауылындағы су жаңа мектеп төңірегіндегі әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Құлақ түрсек, 2021 жылы салынған мектеп ұйық үстіне салынғаннан мұхитқа батқан «Титаниктей» басып барады-мыс. Мән-жайды көзбен көрмекке сол мектепке бас сұқтық. Мердігер «Талас Құрылыс» сапасыз құрылыс жүргізді ме, әлде батпақ үстінен жер берген әкімдік кінәлі ме, мұны анықтауды мақсат тұтпадық. Бастысы, «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деген Мемлекет басшысының сөзіне кедергі бар ма, соны анықтауды нысанаға алдық.
Хабарласып, мән-жайды айтпасақ та бізді мектеп ауласынан білім ұясының басшысы Ләззат Алтынбекова күтіп алды. Мектеп батпаққа батпағанын, қабырғасының қирамағанын, ыза су шықпағанын айтып ақталды. Бақсақ, бұл мәселе облыс әкімдігінде көтеріліп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев Ескелді ауданындағы бірнеше мектепті аралап көріпті. Аудан әкімдігіне атқаруы тиіс бірнеше тапсырма тәспірленген хаттама да жолданыпты.
Мектептің батпаққа батып жатқаны турасында әңгіме қайдан шыққан? Білім ұясына табан тіремес бұрын ауыл тұрғындарынан сұрап-білдік. Жаңа нысанның іргетасын қалау барысында жер қазылған. Сол уақытта жер бетіне кілкілдеген су шыққан екен. Мердігер біршама уақыт жұмысты кідіртіп, іргетастан су қайтқанда құрылысқа кірісіпті. Бәріне себеп, мектеп іргесіне жақын орналасқан суармалы егістік екенін алға тартты тұрғындар. Ләззат Алтынбекова мектепті аралатып, батпаққа батудың белгілері жоғын көрсетті. Тек сапасыз жүргізілген жұмыстың нәтижесіндегі олқылықтарды айтты. Ал Әлібек Жақанбаев хаттама арқылы жүктеген тапсырмалар сол олқылықты түзетуге бағытталған. Мектеп іргетасының жабынын қалыпқа келтіру, сылақ қабатының қабыршақтануын жою, іргетастың төсеніш беткейлерінің еңісін реттеу, су тамшылаған жылу батареяларын ауыстыру және спорт залдағы батареяларды жасыратын құрылғыны орнату жүктеліпті. Мектеп директоры бұл олқылықты мердігер толықтай орындайтынын алға тартты. Айтпақшы, суармалы егістіктің әсері барын да жасырмады.
– Мектептің кәріз жүйесінен аққан су құйылатын резервуарды аптасына екі мәрте тарттырып отырмыз. Өзге мектептер бір мәрте тарттырады. Егер тарттырмасақ, резервуарға толған су желі арқылы ғимараттың жертөлесіне ағады. Мектеп осынша суды тұтынбайды, жерасты суынан толып қалады. Өйткені суармалы егістік жақын. Нысан пайдалануға берілгенде бір-екі мәрте кәріз желісінен су ақты. Ол уақытта оның жұмысын жөнді түсінбейтінбіз. Қазір мұндайға жол бермейміз, – дейді Ләззат Алтынбекова.
Жерасты суы жақын жерге мектеп салуға кім рұқсат бергенін анықтау үшін Ескелді аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Ермек Тәуекеловке жолықтық. Оның айтуынша, қазіргі бөлім екі құрылым болғанын, сол уақытта жер нақтыланғанын, бірақ ешқашан батпақты жерге құрылыс салуға рұқсат берілмейтінін алға тартты. Негізі Абай ауылының өзі жерасты суы жақын жерде орналасқан екен. Соны ескерген соң аудандық бөлім мердігерге жерасты суынан оқшаулайтын дренаж салдырыпты. Бірақ, кәріз резервуарының суға толуы жерасты суы құйылатындай тесік бар екенін жасырмады.
ЖАСТАР КЕТПЕСІН ДЕСЕК
Ауылда мешіт пен мектептен өзге халық бас қосар орын жоқ. Мобильді байланыс іздеп төбе-төбеде жиі жүретін абайлықтарға арналған мінәжат пен білім алудан өзге не мәдениет үйі, не серуендейтін саябақ, не балалардың ойын алаңы жоқ. Айтпақшы, амбулатория бар. Бірақ, бұл жерде денсаулық сыр бергенде ғана барсын тұрғындар. Негізі жиі бас қосатын жер емес.
– Ауылдан жастар кетіп жатыр. Себебі де түсінікті. Орталықта Әліби Жангелді көшесі бар. Оның жартысына түнгі жарықтандыру жүргізілген де, қалғаны ұмыт қалған-ау. Мобильді байланыс жоқ. Қоғамдық демалыс орындары жоқ. Жастар сыртқа кетпей қайтсын?! – дейді ауыл тұрғыны Забира Арынова. Қарабұлақ ауылдық округі әкімі Сержан Оңалбаев биыл балалар ойын алаңқайы салынатынын жеткізді. Жобалық-сметалық құжаттарын даярлап та қойыпты. Әзірге мәдениет үйі, саябақ салу жоспарда жоқ.
СПОРТ ЗАЛ СҰЛУ ҺӘМ СУЫҚ
Мектеп төңірегіндегі мәселенің шығуына ғимараттың кей бөлігіндегі ауа температурасының шектен тыс төмендігі себеп. Түсіндірсек, сыныптар мен дәліз жылы. Оқушылар көйлекпен жүр. Ал, спорт залда денені суық қариды. Мектеп басшылығы мұнда шағын тоқпен жылитын қондырғы орнатып қойыпты. Онысынан директор өзі қуыстанды. Спорт залдың суық екенін жұрт батпаққа батқан мектептің іргесі сөгілуінен көрген. Бірақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев бастаған комиссия мұндай кінәрат таппаған. Қабырға бүтін. Жалпы, мектеп жобаға орай салынған. Салқын болуы мүмкін емес.
– Мектеп ашылғалы осы мәселемен күресіп келеміз. Әлі күнге спорт залдың жылуы тиісті температураға көтерілмей отыр. Мұнда зал төбесі биік болған соң деп топшылап жүрміз. Жаңа мектеп болғанмен осындай олқылықтан соң қыста оқушылар денешынықтыру пәнін сыныптық кабинеттерде өткізуге мәжбүр, – дейді Ләззат Алтынбекова.
Демек, Абай ауылындағы мектепте оқушылар тиісті деңгейде дене тәрбиесін алмайды деген сөз. Бұл мәселені айшықтай түсу үшін аудандық білім бөліміне бас сұқтық. Қазір бөлімде белгілі жағдайларға сай басшы жоқ, оның орнына міндетін уақытша атқарушы жүр. Алайда, басты сауалымызға бөлімнің заңгері Рустам Мешелев жауап бергендей болды. Айтуынша, 2021 жылы пайдалануға берілген мектептің құжаттары аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінен білім бөліміне енді өтіп жатыр екен. Бірақ, әлі қабылдап алмапты. Қызық, 4 жыл бойы кім нені күтті екен?
– Абай мектебінің спорт залының салқын екенінен хабардармыз. Қазір оны газға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттарды даярлап қойдық. Келер жылы газға қоссақ, мұндай мәселе туындамайды, – дейді бөлім заңгері.
Ал оған дейін балалар суық спорт залдың есігін сығалап жүретін сыңайлы. Бөлім заңгері мәселені уақытша болса да шешу жолын қарастырмапты. Электр жылытқыш орнатуды қарастыру керегін алға тартты. 2021 жылдан бері суық спорт залдың мәселесі шешілмегенін ескеріп жатқан білім бөлімі жоқ.
Мектептегі бұл жағдай турасында аудандық құрылыс, сәулет және қала- құрылысы бөлімінің басшысы Ермек Тәуекеловтен де сұрадық. Айтуынша, спорт зал ғимараттың күнгей емес, көлеңке бөлігінде орналасқан. Бұл – бірінші болжам. Екіншісі – қазір мектеп дизель отынымен жылытылады. Бөлім басшысы отын үнемдеу мақсатында түнімелік пеш өшірілуі мүмкін екенін алға тартты. Содан шаршы метрі үлкен спорт залдың қабырғасы суып қалғаннан іші жылымайды. Ал сыныптар шағын көлемде болғасын тез жылиды. Сала маманы екі мәселені де сараптау керегін алға тартты. Ал, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Арайлым Өмірбекова тиісінше мектепке 62 тонна 339 литр дизель отыны жеткізілгенін, отынды үнемдеу орын алуы мүмкін емесін алға тартты.
P.S. Жалпы, Абай ауылындағы қос мәселені жан-жақты саралап көрдік. Жауапты құрылымдардың жауабын естідік. Денінен болжамды һәм немқұрайды жұмыс байқалады. Есесіне, Абай ауылының балалары мен тұрғындары зардап шегуде. Ұзын сөздің қысқасы, кез келген жауапты орынға мәселені болжап, шешу жолын бюджеттік қаржыға тіреп, болмаса өзгеге сілтеп отыруға бейім емес, мәселені шешудің жолын білетін билік өкілдері керек. Сократтың сөзі негізі дұрыс!
Дастанбек САДЫҚ