2026 жылдан бастап елімізде жеке табыс салығын есептеу тәртібіне елеулі өзгерістер енді. Енді көпбалалы отбасылар мен ипотека төлейтін азаматтар бұрынғыдай арнайы салықтық жеңілдіктерді пайдалана алмайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы..
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, салық заңнамасындағы жеңілдіктер оңтайландырылып, басымдық базалық шегерімге берілді. Бұл дегеніміз – бұрынғыдай есепшіге құжат тасып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Жаңа ереже бойынша жұмыс істейтін барлық азаматқа ортақ базалық салық шегерімі 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті.
Бұл өзгеріс жалақыға қалай әсер етеді?
Сарапшылардың есебінше, жалақы мөлшері аздап болса да көбейеді. Мәселен:
-
Егер сіздің айлығыңыз 300 мың теңге болса, бұған дейін қолға 243 мың теңге алып келгенсіз.
-
Жаңа жүйе бойынша, ай сайын қолға тиетін сома 250 мың 575 теңге құрайды.
-
Нәтижесінде, ай сайынғы табысыңыз 6 мың 920 теңгеге артады.
Алайда салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, үкімет жалпы жеңілдік сомасын арттырғанымен, ипотекасы барларға, көпбалалыларға және медициналық шығындарға арналған арнайы шегерімдерді алып тастаған. Енді салықтық шегерімнің тек үш түрі ғана қалды:
-
Барлық азаматтарға ортақ базалық шегерім;
-
Әлеуметтік төлемдерге байланысты жеңілдіктер;
-
1-2 топтағы мүгедектігі бар жандар мен ардагерлерге арналған жеңілдіктер.
Экономистер не дейді?
Мамандар бұл қадамның пайдасы, әсіресе, табысы төмен азаматтар үшін маңызды екенін алға тартады. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, қайтарылатын 7-8 мың теңге айтарлықтай үлкен сома болмаса да, ең төменгі жалақыға күн көріп отырғандар үшін коммуналдық шығындарды жабуға септігін тигізеді.
Дегенмен сарапшылар бұл жаңашылдық айлығы 140 мың теңгеден аспайтындарға көбірек сезілетінін айтып отыр. Еске сала кетейік, бұған дейін ипотека төлеушілер мен баласы ақылы бөлімде оқитын ата-аналарға салықтық жеңілдіктер беру туралы бастамалар көтерілген болатын, бірақ жаңа ережелерге сәйкес бұл жеңілдіктер тоқтатылды.





