Онда Қазақстанның барлық аймағынан келген 350 компания өз өнімдерін көрсетеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары «Даму» қорының бағдарламалары арқылы мемлекеттен қолдау алып, Қазақстанда өндірілген тауарлардың әр түрімен танысып, сатып ала алады. Көрмеде тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өндірісінен бастап жабдық, машина жасау, зергерлік бұйымдарға дейінгі салада түрлі өнім ұсынылады.
Атап айтқанда, көкшетаулық «Гормолзавод», маңғыстаулық «Aq Dam» әкелетін түйе сүтінен жасалған ұлттық дәм, алматылық кәсіпкердің ешкі сүтінен «Galamilk» брендімен жасайтын өнімдері, «Altay Outwear» тігетін белсенді демалыс пен туризмге арналған киім мен жабдық, шымкенттік кәсіпкердің «Balausa Jewelry» зергерлік бұйымдары, жетісулық «Қайнар» аккумулятор өнімдері, Қазақстандағы тұңғыш ирригациялық машина өндіруші «Su bereke», дезинфекция, косметика және жуғыш заттар әзірлеудегі көшбасшы «Аврора», «Almaty Turmystyq Tehnika zavody» шығаратын барлық тұрмыстық техника, тағы басқалары бар.
Сонымен бірге «Ulttyq оnim» аясында қазақстандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен елдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған сессиялар өтеді. Олар Қазақстандағы бизнес үшін өзекті трендтерді, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылайды. Көрме барысында сондай-ақ, «Халық таңдауы» атты тәуелсіз дәм тату байқауы, қазақ-стандық өндірушілердің әйелдер мен ерлер киімдері топтамаларынан сән көрсетілімі, кәсіпкерлер үшін шеберлік сабақтар, көрмеге қатысушылар ұсынатын сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары және өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар өтеді.
Бұл көрмеде мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлердің аз ғана шоғыры жиналатынын атап өткен жөн. «Даму» қорының бағдарламалары аясында несиесінің жалпы сомасы 14,1 трлн. теңге болатын 225,3 мың жоба қамтылды. Осының арқасында 210 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, 1,2 млн.-нан аса жұмыс орны сақталды, 104,5 трлн. теңгенің өнімі шығарылып, 7,3 трлн. теңге салық түсті.
«Ulttyq оnim» көрмесі – отандық тауарлар мен қызметтерді танымал етуге және насихаттауға ықпал ететін жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын көрмеге келушілер саны көбейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы көрмені 20 мыңнан аса адам тамашаласа, 2023 жылы 22 мыңнан асты. Сауда көлемі де 2022 жылғы 70 млн. теңгеден 2023 жылы 74,1 млн. теңгеге дейін өсті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА