Қала көшелеріне көз тастай қалсаңыз қызылды-жасыл түрлі-түсті жарнамаға көзіңіз еріксіз түседі. Мағынасы жоқ, қатесі көп, өзге тілде жазылған жарнамалар менмұндалап тұр. Әсіресе, кейінгі уақытта орыс тілін қойып, ағылшынша жарнамалардың көптеп шыққанын мойындайықшы. Көше жолағын жазсақ та, дүкен атауын ілсек те, тіпті, ресми өтетін жиындардың өзіне ағылшын тілін тықпалайтынды шығардық. Осындайда қазақтың қасиетті тілі неге өзге тілдің көлеңкесінде қала береді деген заңды сұрақ туындайды? Бірақ оған жауап берер жан қайда?
Қазіргі таңда қазақ тілі 15 негізгі және 57 кіші салаларда қолданылады. Бүгінгі күні іс қағаздарын жүргізу саласына мемлекеттік тіл қарқынды енгізілді дей алмаймыз. Барлық мемлекеттік мекемеде тек қазақша құжат толтырылады деген ертегі бізге жетпеді. Орыс тілі әлі де болса өз позициясын жойған жоқ. Қарапайым ғана жарнаманың өзі орыс я болмаса ағылшын тілінен аударылады. Нәтижесінде он рет оқып түсіне алмайтын сөйлем, сөздеп пайда болады. Бұл қасріет емей немене?
Ағылшын сөзін қосарлап айту да, жазу да хит болғаны жасырын емес. Мысалы, «booking Алматы» деген жарнама сайттарда жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай қаптап жүр. Осы жарнаманы қазақи менталитетке, ұлттық құндылықтар мен фольклорға, әдебиетіміз бен тарихымызға негізделген өтімді сөзбен де алмастыруға болады емес пе? Жоқ, біз ғылыми жаңалық ашуға құлшынамыз. Бұл жерде ешқандай да Америка ашып қажет емес. Тек қазақылықтың иісін аңқытып, ана тілінің салтанат құруына қадам жасасақ болғаны.
Біздің қоғамда жастар тілі пайда болғалы да біраз уақыт болды. Әлеуметтік желіні көп пайдаланғанның нәтижесі бұл. Жаргон, сленг сөздер ретінде көбіне ағылшын тілі еніп кеткенін өзіміз де аңғармай қалдық. Әсіресе, әлемжелілерге қатысты Instagram, account, megabait, challenge, snapchat, facebook, blog деген сөздер легін тізе беруге болады. бұлардың қазақша баламасын айту соншалықты қиын емес. Десе де, қазақша баламасы бола тұра ағылшын тілінде жиі қолданып жүргеніміз өзімізге сын.
«Аccount» сөзін «парақша», «Internet» сөзі «ғаламтор» деп аударылатынын жақсы білеміз. Біле тұра қолданбаймыз. Сол секілді Сайт, файл, e-mail сөздерін айтып, кеуде керетініміз де жасырын емес. Саясатқа қатысты сөздерді де айтпасақ болмас. Мысалы, премьер-министр, вице-премьер, спикер, президент сынды ағылшын тілінен алынған сөздер біздің ана тіліндегі сөздердің жойылуына ықпал етуде. Бұл атаулардың қазақша баламасын енгізіп, қазақ тілінің заңдылығына орай өзгертсек ешкім біздің шапанымызды шешіп алмас.
Стимер, ростер, триммер, снукер, пул, сквош, респект сөздерін құдды ана тіліміздің сөзіндей сүйсініп айтып жүргенімізге жол болсын. Бұл күнделікті тұрмыстағы зат атаулары батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кеселдей бізді улап барады. Қазақ тіліне оңды-солды енген сөздер қатарын лифтинг, скраб, пиллинг сынды косметика атаулары да толықтыруда. Жалпы, жаңа сөздердің пайда болуы сөздік қорымызды байытады. Бірақ кірме сөздер тілдің тазалығын жояды.
Бар кемшілікті заманның еншісіне итере салғанға шеберміз. Заман ағымына байланысты жаңа мамандық атаулары да кірме болып қосылғанын амалсыз мойындауымыз керек. Жаңа мамандық SMM, таргетолог, медиатор, бизнессвумен, HR, репетитор, хакер, папарации, брокер, телесуфлер, инвестор, диллер, дистрюбьютор, фриланс / фрилансер, стилист, копирайтер, аниматор, модератор, супервайзер, логистика, барбер, диктор, веб-дизайнер, бармен, амбассадор, промоутер, дауншифтер, риэлтор имиджмейкер, спикер, волонтер деп тізе берсе тым көп. бұлар – өте қауіпті. Жоқ, біз жас ұрпақтың әлем көшінен қалуына, жаңалықты тануына еш қарсы емеспіз. Жаһандану көшінен кенжелеп қалсын деуден аулақпыз. Бірақ экономиканы, саясатты, мәдениетті одан әрі дамытып, уақыт ағымына ілесе отырып, біз де халықаралық тілді меңгеруіміз керек. Ол – заман талабы. Дегенмен де, терминді ұлттық тілдегі сөздердің баламасымен ауыстырып алу немесе оны қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне бағындыру үшін қолдансақ жөн болар еді. Ағылшын тілінен он сөз енгізгенше, қазақ тілінен бір сөз шығарсақ ол қазаққа үлкен олжа болмақ.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: gov.kz