Кәсіпорындарға жүргізілетін сауалнама нақты сектордың экономикалық серпіні мен даму болжамы туралы маңызды ақпарат дереккөздерін қалыптастырады.
Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) 2000 жылы экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингі жүйесін ендірген болатын. Содан бастап ҚҰБ тұрақты негізде экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға қатысты сауалнама жүргізіп келеді. Соған орай Қазақстанда мониторингке қатысушылар саны 480 кәсіпорыннан 3447 кәсіпорынға дейін артты.
Ұлттық Банк кәсіпорындардың мониторингі нәтижелерін Қазақстанның жалпы экономикасы мен оның жеке салаларының дамуын талдау және бағалау процесіне қолданады.
Ең алдымен сауалнама ресми статистика деректерін толықтырады. Бұл ішкі және сыртқы әсерге сәйкес кәсіпорын жұмысының жағдайына кешенді көзқарасты білдіреді. Сондай-ақ, компаниялар сауалнама шеңберінде қаржы есептілігінің негізгі көрсеткіштерін ұсынады. Нақты сектор мониторингі талдаудың бірқатар маңызды бағыттары (нақты сектор салаларының өндірістік және инвестициялық белсенділігі, қаржылық жағдайы және басқа көрсеткіштер) бойынша макро деңгейде жасырылған жеке әсерлерді анықтауға септігін тигізеді.
Екіншіден, сауалнама барысында алынған көрсеткіштер, әдетте, өңдеуге көп уақыт кететін ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда тезірек түседі.
Үшіншіден, кәсіпорындарға жүргізілген сауалнама көбінесе ағымдағы экономикалық жағдай туралы ғана емес, сонымен қатар оның жақын болашақта күтетін өзгерістер туралы сұрақтарды қамтиды.
Іскерлік ахуалды зерттеу үшін кәсіпорын басшыларына ай сайын және тоқсан сайын Ұлттық Банк аумақтық филиалдар арқылы өткізілетін сауалнама Қазақстан кәсіпорындарының іскерлік белсенділік индексін (ІБИ) және қызмет көрсету, сауда, құрылыс, өндіріс және кен өндіру өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың бизнес-ахуал индексін есептеуге мүмкіндік береді. Бұл индекс экономикалық үрдістерді бақылауға және бизнес циклі дамуының қиын тұстарын анықтауға көмектеседі. ІБИ экономика көрсеткіштердегі нақты өзгерістер және болашақ өзгерістерге қатысты күтулер туралы сұрақтарға кәсіпорындар қайтарған жауаптар негізінде жасалады. Деректердегі маусымдық ауытқулар ескеріледі.
ҚҰБ Жетісу облысындағы филиалында (бұдан әрі – Филиал) айлық сауалнамаға 15 кәсіпорын қатысады.
Тоқсандық сауалнама нәтижесі бойынша ҚҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтында жағдаяттық шолу және салалық жағдаяттық шолу жарияланады. Жағдаяттық шолуда нақты саладағы іскерлік ахуалының жайы: сұраныстың өзгеруі, дайын өнімге, шикізат пен материалдарға бағаның өзгеруі, кәсіпорындар үшін кредиттік ресурсқа қолжетімділігі, шетел валютасының теңгеге қатысты айырбастау бағамы өзгеруінің экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға әсері сынды бағыттар бойынша сипатталады. Салалық жағдаяттық шолу экономика саласындағы ахуал туралы жан-жақты ақпарат беріп, кәсіпорын басшыларының көрсеткіштерін салалық стандарттармен салыстыруға мүмкіндік ұсынады.
2022 жылға дейін Алматы облысында мониторингке 177 кәсіпорын қатысты. Алайда аймақ екі облысқа бөлінгеннен кейін 2022 жылғы 3-тоқсанда Жетісу облысында 56 кәсіпорын тіркелді. Содан бері филиал 2 жылдың ішінде мониторингке қатысуға 21 респондентті тартып, бүгінгі күні мониторингке қатысатын кәсіпорындар санын 77-ге жеткізді. Оның ішінде 13 ірі, 31 орта кәсіпорын бар.
Сауалнама нәтижелері жедел ақпарат беретінін және осы деректерді кешенді талдау Ұлттық Банкке баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттің ақша-несие саясатын әзірлеуге және жүзеге асыруға көмектесетін сапалы ақпараттық-талдау есептерін жасауға мүмкіндік беретінін атап өткен маңызды.
Мониторингтің негізі қағидаты – оған ерікті қатысу, бұл іріктеу тұрақтылығына және талдамалық ақпараттың сапасына тікелей ықпалын тигізеді.
Осыған орай, экономиканың нақты секторында экономикалық жағдаятты, инвестициялық белсенділікті талдау және бағалау үшін Жетісу облысындағы кәсіпорын басшыларын аталған мониторингке қатысуға шақырамыз. Мониторингке қатысушы-кәсіпорындарға экономика саласындағы бәсекелестік ұстанымын бағалауға мүмкіндік беретін жеке ақпараттар дайындалады және жіберіледі.
Сауалнаманы ҚҰБ-ның https://digital.nationalbank.kz/ порталы арқылы онлайн толтыруға болады. Тіркеліп, сауалнаманы толтыру 20-30 минуттан аспайды.
Толығырақ ақпаратты ҚҰБ филиалының мамандарынан 8 (7282) 55-95-06 телефон нөмірі арқылы алуға болады. Филиал қызметкерлері порталда тіркелу және тиісті сауалнаманы толтыру бойынша жан-жақты кеңес береді.
ҚР Ұлттық Банкінің Жетісу облысындағы филиалы
Фото: gov.kz