28 сәуірде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өрт орнына бірінші болып жетіп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Кешкі уақытта «Жастар» шағынауданында патрульдеу барысында ұландықтар – Нұрдәулет Құсайын, Жанайдар Тоқтаубеков және Ділшат Хақымбаев рота командирі Сержан Серікболовпен бірге көпқабатты үйдің бірінің терезесінен қою қара түтін шыққанын байқайды. Олар бірден оқиға орнына бет алып, жағдайды бақылауға алды.
Өрттің салдарынан ғимараттың екінші қабатынан бастап бесінші қабатына дейін дәліздер мен баспалдақ алаңдарын түтін басып, тыныс алуды және қозғалысты қиындатты. Өрт сөндірушілер жалынды сөндіруге кіріскен сәтте, әскери қызметшілер тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті. Олар екінші қабаттағы пәтерлерді аралап, есіктерді қағып, адамдарды қауіпсіз жерге шығарып отырды.
Екінші қабаттан жоғары көтерілу тек арнайы тыныс алу аппараттары бар өрт сөндірушілердің көмегімен мүмкін болды. Олар тұрғындарды төменге түсіріп, Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлеріне табыстады.
Барлық қызметтердің үйлесімді және кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде 30-ға жуық адам дер кезінде эвакуацияланды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
– Түтін жоғарғы қабаттарды толық қамтыды, көзге ештеңе көрінбеді. Соған қарамастан, біз тұрғындардың газдан улануына жол бермей, сыртқа шығуына көмектестік, – дейді рота командирі Сержан Серікболов.
Үй тұрғындары әскери қызметшілерге батылдығы мен жедел көмегі үшін алғыстарын білдірді.
ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі





