Жыл өткен сайын Ұлттық Құрылтайдың жұмыс тәртібі, шешім қабылдау механизмі күшейіп, жетіліп келеді. Атап айтсақ, жалпы отырыс форматында ұйымдастырылатын талқылаулардың 2 түрі қалыптасып отыр. Біріншісі – Президенттің қатысуымен өтетін пленарлық жиын. Екіншісі – секцияларға бөлініп өткізілетін жұмыс топтарының отырыстары. Оның ішінде «Азаматтық қоғам», «Мәдениет, өнер, руханият, «Білім және ғылым», «Әлеуметтік экономикалық даму» деп аталатын секциялар бар. Әрбір секцияны сол бағыттағы ең жоғарғы мемлекеттік лауазымы тұлға басқарып, модераторлық жасап отырады. Бұл қоғамда қалыптасқан өзекті мәселелерге бей-жай қарамау керектігін ұғындырады. Яғни, жоғарғы деңгейдегі лауазымды тұлғалар сол жердегі ұсыныс-пікірлерді тыңдап, қаттамаға енгізеді. Сол арқылы шешім қабылданады.
Ұлттық құрылтайға түскен ұсыныс-пікірлердің динамикасы жыл өткен сайын жоғарылап, өсіп отыр. Ұлытауда өткен отырыста 49 ұсыныс, Түркістандағы құрылтайда 106 ұсыныс түссе, былтыр Атырауда 149 ұсыныс пен пікір жинақталды. Ал биыл Бурабайда 200-ден астам ұсыныстың айтыларына сенім мол. Кеше 4 секцияның жұмысы өтті. Соның үшеуіне қатысып, ұсыныс-пікірлерімді білдірдім. Атап айтсам, «Азаматтық қоғам» секциясында жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары деп аталатын 2465 ауылдық округтердің жанындағы өзін-өзі басқару ұйымының мәселесін көтердім. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру жолында биліктің қоғаммен байланыс орнатуы өте маңызды бағытқа айналып отыр. Қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде, әкімдер сайлануда, әкімдер оқытылып жатыр. Ендігі кезек – әкімдіктердің жанындағы жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстарын өткізу, кәсіби біліктілігін көтеру, тиімділігін жетілдіру. Бұның бәрі жүйелі әрі сабақтасты түрде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» концепциясын толықтырып, дамытады. Әрине, демократия бір күнде орнап кетпейді. Оның бәрі қадамдар, талқылаулар, ұсыныстар және шешімдер арқылы жүруі тиіс. Меніңше осы мүмкіндікті, мақсатты, міндетті Ұлттық құрылтай өз дәрежесінде тиімді шешіп келе жатқан платформа.
Отырыстардың өзін 2-ге бөлуге болады. Секциялық отырыстар жыл бойы мәселелердің жинақталуына, өзектілігіне байланысты 2-3 рет өткізілсе, одан бөлек уақытша құрылатын көшпелі отырыстарға белгілі тақырыптарды талқылау үшін аймақтарға ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды шақырады. Бұл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдан кейін енген өзгеріс десек болады. Меніңше бұл да өте тиімді.
Жалпы, Ұлттық құрылтай модернизациялану үстінде. Сол арқылы тиімділігін көрсетуде. Қоғамда: «Мықты, дамыған парламентаризм болса Ұлттық құрылтайдың қажеті болмас еді» – деген сын пікір айтылып қалады. Әрине, Қазақстанда демократиялық процесстер тұрақты жүріп жатыр, жүре береді де. Біздегі парламентаризмнің баяу дамып жатқаны баршаға мәлім. Алайда соңғы шақырылған VIII Парламенттің жұмыс белсенділігі жоғары баға алғаны тағы рас. Оны қоғам да көзбен көріп, іштей біліп отыр. Десе де Парламенттің бір жағына шығысып, қоғамдағы мәселелерді талқылауда басқа да демократиялық институттар мен алаңдардың болуы артықтық етпейді. Халқымызда: «Елге бай емес, би құт» деген сөз бар. Би дегеніміз – әділет, заң. Демократиялық институттар мен механизмдердің көп болуы қоғамға пайда, олжа әкеледі.
Қазыбек Дәуталиев
Заң ғылымдарының кандидаты,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі,
Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы