Соңғы жылдары қоғамның әлеуметтік-саяси сұранысы өзгеріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысуға деген талабы күшейді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, билік институттарының ашықтығын қамтамасыз ету және халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайту мәселелері күн тәртібіне шықты. Осындай жағдайда өкілді билік институттарын жетілдіру уақыт талабы болып отыр.
Осы өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – Құрылтай институтының қалыптасуы. Құрылтайды азаматтардың мүддесін білдіретін, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, ел дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын жаңа өкілді орган ретінде қарастыруға болады. Құрылтайдың ерекшелігі оның атауынан ғана емес, мазмұны мен қызметінен көрінуі тиіс. Жаңа өкілді орган қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының пікірін ескеріп, азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын мемлекеттік деңгейдегі шешімдерге айналдыратын тиімді алаңға айналуы қажет. Бұл ретте ауыл тұрғындарының, еңбек адамдарының, кәсіпкерлердің, жастардың, зиялы қауымның және басқа да қоғамдық топтардың мүддесін ескеру маңызды. Өйткені өкілді биліктің басты құндылығы – қоғамның әртүрлі бөлігінің үнін естіп, оны заң шығару үдерісінде ескеру.
Құрылтайды тарихи дәуірдегі құрылтайлармен толықтай теңестіруге болмайды. Бүгінгі қоғамның саяси, құқықтық және әлеуметтік құрылымы мүлде басқа. Сондықтан тарихи атау заманауи демократиялық қағидалармен, заң үстемдігімен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау талаптарымен үйлесуі керек. Яғни тарихи мұра қазіргі заманның саяси институттарын дамытуға қызмет етуі тиіс.
Парламенттік реформаның тағы бір маңызды қыры – заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру. Бір палаталы өкілді орган жағдайында заң жобаларын қарау мен талқылау жүйесі ықшамдалып, шешім қабылдау тетігі жеделдеуі мүмкін. Бірақ жылдамдықпен қатар заңдардың сапасы да басты назарда болуы қажет.
Құрылтай депутаттарының жауапкершілігі де ерекше маңызға ие. Депутат халықтың сенімін иеленген өкіл ретінде сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, олардың мәселесін көтеріп қана қоймай, шешілу жолдарын іздеуге атсалысуы керек. Өңірлердегі әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым, білім мен медицина, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын сақтау, ауылдардың әлеуетін арттыру сияқты мәселелер заң шығару деңгейінде назардан тыс қалмауы қажет.
Құрылтайдың табысты жұмыс істеуі үшін депутаттардың кәсібилігімен қатар, саяси мәдениет, ашық пікірталас және қоғам алдындағы жауапкершілік жоғары болуы қажет. Өйткені кез келген саяси реформаның нәтижесі оның атауымен емес, азаматтардың күнделікті өміріне тигізген нақты әсерімен бағаланады.
Сондықтан Құрылтайды Парламенттің жай ғана жаңа атауы ретінде емес, халық өкілдігінің жаңа форматы ретінде қабылдаған жөн. Оның басты міндеті – азаматтардың үнін есту, қоғамдық сұранысты заңнамалық шешімдерге айналдыру, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту және елдің ұзақ мерзімді дамуына қажетті сапалы заңдарды қабылдау.
Құрылтай осы міндеттерді тиімді орындай алса, ол Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды орын алып, мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекет институттарына деген сенімін күшейтіп, азаматтардың ел тағдырына қатысты шешімдерге белсенді араласуына жол ашады. Ең бастысы – реформаның түпкі нәтижесі халықтың тұрмысынан, заңның сапасынан және азаматтардың өз пікірінің мемлекеттік деңгейде ескерілетінін сезінуінен көрінуі тиіс.
Лаура Дарханова,
Ескелді ауданы М. Мәметова мектебінің мұғалімі





