Бір кездері ұжымшар мен кеңшардың бәрін жинап, ауыл тойын, ұлттық мерекелерді дүркіретіп өткізетін қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл бүгінде мәдениетке сусап қалғандай. Олай дейтінім, табиғаты көркем ауылдың табалдырығын аттағаннан жалынды жастарынан бастап көнекөз қарияларына дейін «Мәдениет үйі керек» деп шулап қоя берді. Олардың айтуынша, ауылдың 1994-1995 жылдарға дейінгі өмірі керемет болған. Тоқсаныншы жылдары Жылыбұлақта Мәдениет үйі, ішінде кинотеатрға дейін істепті. Тіпті, жаздыкүні далада ауыл тойын өткізетін арнайы алаң, жастарға арналған үлкен бассейн, екіқабатты кеңсе болыпты. Бүгінде мұның бірі де жоқ. Мәдени ошақ мал қораға айналса, қалғандарының үйіндісі ғана қалыпты. Кезінде Мәдениет үйінде кино көрсетіліп, түрлі шаралар өткеннен бөлек, жастарға арналған домбыра, гитара, ән, би үйірмелері жұмыс істеген. Бүгіннің өзінде республикалық додаларда түрен салып жүрген жастардың бірқатары аядай ғана ауылдан шыққандар. Жергілікті атқамінерлер сол дарындылар шыққан ауылдың мәдениетін өшірмейін деді ме екен, ауылға Мәдениет үйіне бір қызметкер беріпті. Алайда музыкалық аспаптар аз, мектептен басқа орын болмағандықтан ауыл жастары үйірмеге қатысу үшін Үштөбеге баруға мәжбүр. Жалғыз қызметкер мектепте «гитара» үйірмесін ашыпты. Қаладағы жұмыстан қолы қалт етсе ауылға келіп, жастарға гитара үйретіп кетеді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Мәселенің мән-жайын білу үшін арқырап өткен арда ақынның қарындасы Айсұлу Күзенбаеваға жолықтық.
– Кезінде Мәдениет үйінде вокал, сурет, домбыра, гитара сынды түрлі үйірмелер болған. Одан бөлек, арнайы ән айтатын топ та болған. Мерекенің барлығы осы ауылда өтетін. Өкінішке қарай, қазір мұның бірі де жоқ. Қираған Мәдениет үйі жекеменшікке өтіп кеткен, болашақта орнына сүт зауыты салынады деп естідік. Бірақ, ешкім ештеңе салған жоқ. Ашық-шашық, апатты ғимаратқа балалар кіріп ойнап жүргендіктен әкімшілікке айтып, есік-терезелеріне дейін жапқыздық. Бұрын ауыл болып кино көруге баратынымыз әлі есімде. Сол дәстүрді жоғалтпайық деп биыл мектептен кинотеатр ашып қойдық. Онда оқушыларға сабақ тақырыбына сай кинолар, мультфильмдер қоямыз. Мәселен, оқушыларға әдебиеттен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын оқытсақ, артынан киносын көрсетеміз. Шағын ғана кабинет. Соның өзіне балалар кәдімгідей дайындалып келеді. Мектепте «Сенім жәшігі» бар. Апта сайын ішін ашып оқимыз. Балалардың бәрі «домбыра», «сурет», «ән-күй» үйірмелері ашылса, «спорт сарайы салынса» деп жазады. Ауыл жастары кешке тек мектептің спортзалында волейбол ойнайды. Басқа ештеңе жоқ. Мәдениет үйі салынса, керемет болар еді, – дейді ол.
«Күлтөбенің басындағы жиын» бұл ауылда мектептің аядай ғана акт залында, спортзалында өтеді. Әкім-қараның есеп беру жиынына да, кездесулерге де қарақұрым халықты осы бір залға лық толтырады. Қазақи ауыл болғандықтан мұнда ұлттық мереке мектепте кең көлемде аталып өтеді. Тұрғындар «бала-шағаларымен келгенде білім ошағына сыймай кетеміз» дейді. Тілшілердің келгенін көрген оқушылар да армандарын айтып қалды.
– Жазда ауыл шетіндегі бақшада футбол ойнаймыз. Себебі, онда стадиондағыдай шөп өседі. Мектептің алаңы тас-тас. Адам көп жиналса шаңнан доп көрінбей кетеді. Бізден кішілер ауыл ішінде ойнайды. Оларға ағаштан қақпа жасап бергенбіз. Күзде таксимен Үштөбеге барып, түрлі үйірмелерге қатысамыз. Шіркін, ауылға Мәдениет үйін салсақ, шағын болса да футбол немесе волейбол алаңын салып берсе жақсы болар еді, – дейді Шыңғыс Алданұлы.
– Мен ауылдағы «гитара» үйірмесіне қатысамын. Бірақ, қаладағыдай «би», «қолөнер» сынды үйірмелерге қатысқым келеді. Мәдени ошақ бой көтерсе үлкендердің де, жастардың да арманы орындалар еді, – дейді Жансая Мұратқызы.
Арда ақынның ауылына келген соң мектептегі Қайрат Әлімбек музейіне кірдік. 2023 жылы ақынның 60 жылдығы облыстық деңгейде тойланғанда ауылдағы мектептің бір кабинетін музей жасапты. Туған-туыстары кабинетке керек-жарақтың барлығын алыпты. Алайда оқушыларға мектептің көлеңке жағында орналасқан кабинет суық болғандықтан музейді қайта сабақ оқитын бөлме жасапты. Ақын атындағы музей іші азынап тұр.
Ауылдағы қоқысқа айналған мәдениетті, үйірме мен спорт алаңын іздеген жастарды көріп налып қайттық. Ауылдан шыққан бойда аудан әкімдігіне бас сұғып, түйткілді мәселенің түйінін сұрадық.
Аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров мектепке қаржы бөлінгенін, қажетті жерлері жасалатынын айтты. Өкініштісі, ауылға Мәдениет үйін де, спорт нысанын да салу жоспарда жоқ екен.
Түйін: Тұрғындар өтініші тағы да жерде қалды. Әзірге оларға қираған мәдени ошақтың орнына жаңа нысан салынады деп армандаудан, балаларға ауылдың шаңын басына көтеріп, доп тебе тұрудан басқа амал жоқ. Елдің мұңын естір үкімет болса, болашақта арда ақын шыққан ауылдың шамын жағар. Кез келген мемлекеттің жүрегі де, тірегі де ауыл екенін ұмытпайық.
Айдар ҚАЛИЕВ
Жылыбұлақ ауылы,
Қаратал ауданы