Қыс – қатал сыншы болса, мал қыстату – маңызды науқан. Сондықтан ауданның барлық аймағында жемшөп қоры жеткілікті дайындалып, қора-жайлар жөндеуден өткізілді. Дегенмен, сынағы көп мұндай қыста шаруаға ұқыпты қарау ғана өз нәтижесін беретіні анық. Қазір күздің соңғы айы. Қыс мезгілі келе жатқанын ызғарлы қара суықтан-ақ сезгендейміз. Күні ертең қаһарына мінетін «кәрі құданың» төбе көрсетері кәміл.
Осы ретте Екіаша ауылдық округіндегі «Абишев Т.Б.» шаруа қожалығының жетекшісі Шолпан Смағұловамен әңгімелесіп, шаруаның жағдайын білдік.
Қожалықтың 648 гектар алқабының 224 гектары жайылым, 143 гектары шабындық, 281 гектар тәлімі егістік жері бар. Шаруашылық негізінен өсімдік бағытына бейімделген. Жермен айналысады, нақтылап айтқанда бидай мен арпа себеді. Атакәсіпті, яғни мал шаруашылығын 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы шыққаннан кейін қолға алған. «Кең дала» бағдарламасымен 5 пайыздық несие алып, Әулиекөл тұқымды бұқамен басталған кәсіп қазіргі таңда герефорд тұқымды 100 бас Зеңгі баба түлігімен жалғасуда. Жоспарда мал басын көбейтіп, бордақылау ісімен айналысу тұр. 8 жұмысшы қызмет атқаратын шаруашылық 20 гектар алқапқа жоңышқа сеуіп, қолдағы малдың қыстан қысылмай шығуына қам жасауда.
Өңірдегі барлық қожалықтың қарамағындағы малдарының қоңы жақсы. Қазіргі таңда төрт түлік малдан ризық-несібесін терген аудан шаруалары қыс қаһарын жеңу үшін ұйымшылдықпен еңбек етуде.
Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы





