Сенат дәлізінде оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынғанын және бұл заң бұзушылық үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Вице-министрдің айтуынша, «Білім туралы» заңға сәйкес оқу процесі кезінде оқушылардың ұялы телефон қолдануына жол берілмейді. Бұл талап орындалмаған жағдайда жауапкершілік ата-анаға жүктеледі.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабында бұл мәселе нақты көрсетілген. Егер бұзушылық алғаш рет тіркелсе – ескерту жасалады, ал қайталанған жағдайда айыппұл салынады», – деді Майра Мелдебекова.
Оның сөзінше, ата-аналарға 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. 2025 жылы бұл сома 19 660 теңгеге тең.





