Қазақстанда Мемлекеттік ту, жаңа ережелер аясында тұрғын үйлер мен балкондарға іліне бастайды, бұл шара халықтың патриоттық сезім деңгейін асқақтата түспек, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Үкімет қаулысымен мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орнату және орналастыру қағидаларына маңызды өзгерістер енгізілді. Жаңа ережелер 2026 жылғы 13 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Енді еліміздің 20 млн астам тұрғыны өз еліне деген мақтанышын ешқандай заңдық кедергісіз, ашық көрсете алады. Осы орайда, заң бұзбай, рәмізді қалай дұрыс қолдану керектігін қарапайым тілмен түсіндіреміз.
Иә, жаңа қаулы жеке және заңды тұлғаларға Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға ілуге ресми түрде рұқсат береді. Мұны азаматтардың жетістіктерін қолдау немесе мерекелік шаралар кезінде жасауға болады. Тек басты ережені сақтау қажет: балконға орнатылған ту 45-50 градус бұрышпен орналасуы тиіс.
Егер сіз жеке үйде тұрсаңыз, рәмізді жерден кемінде 3 метр биіктікте орналастыруыңыз керек. Түнгі уақытта оны арнайы жарықтандыру міндетті емес. Сондай-ақ, ғимараттың сәулеттік ерекшеліктеріне байланысты, үйге іргелес аумақта арнайы жеке ту тұғырын (флагшток) орнатуға да толық құқығыңыз бар.
Кез келген азамат рәмізді мақтанышпен қолдана отырып, оның қадір-қасиетін төмендетпеуге міндетті. Түзетулерде мынадай нақты талаптар көрсетілген:
- Көлеміне қарамастан, ту ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес келуі шарт.
- Матаның жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұруына жол берілмейді.
- Ту тік күйінде ілінсе, ұлттық өрнек міндетті түрде матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы тиіс.
- Жеке көлік құралдарының салонында да заңнама талаптарын сақтай отырып, туды қолдануға рұқсат берілді.
Маңызды жайт: тудың жыртылған, тозған, ластанған немесе өңі кеткен нұсқаларын қолдануға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, рәмізді коммерциялық немесе жарнамалық мақсатта пайдалануға, одан киім, төсек-орын, дастарқан, перде немесе кілемше жасауға болмайды. Алайда, аталған ереже спортшылардың киімі мен арнайы жабдықтарына қатысты емес – оларға ту бейнесін пайдалануға рұқсат етілген.
Жаңа ережелер тек қарапайым халықты ғана емес, ресми мекемелерді де қамтиды. Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің және әкімдіктердің интернет-ресурстарында рәміздер тек бір деңгейде орналасуы тиіс. Олардың қатаң кезектілігі мынадай: Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран.
Ғимарат ішіндегі арнайы стендтер де көк түсті фонмен безендіріліп, жазулары алтын түспен жазылуы қажет. Осындай бөлмелер шаруашылық-тұрмыстық орындардан, дәліздер мен киім ілетін жерлерден қашық болуы шарт.





