Талдықорған: +21°C
$ 510.06
€ 566.32
₽ 6.32
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Мен үшін адамның көңілі қымбат

27.04.2025
КҮНДЕРЕК
Мен үшін адамның көңілі қымбат

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» – деген хакім  Абайдың сөзі кейіпкеріміз Елдос Баялышбаевтың өмір жолына дәл келеді. 

Талдықорған қаласындағы «Асар» спорттық-оңалту кешенінің негізін қалаушы, өзі арбаға таңылса да өзге жандарға сүйеу бола білген азамат еш қиындыққа мойымай, қоғамға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Небары 19 жасында жантүршігерлік жол апатына түссе де тағдырына налымай, алға қадам басты. Әр күнді жаңа өмірдің бастауы деп қабылдап, көптің игілігіне арналған жұмыстарға кірісті. «Қайрат пен ақыл жол табар, қашпаған соң қайғыдан» демекші,  Елдос та сол  ақыл мен қайраттың иесі екенін ісімен дәлелдеп келеді. 

– Талдықорған  қаласындағы №4 орта мектепте оқып, білім алдым. Әкем – Қайыркен мен анам – Фатима  бізді оқушы кезден  еңбекке баулыды. Қалада тұрсақ та мал бағып, ағам екеуміз әкеміздің бір жағына  шығысып  жүріп  ержеттік. 4-сыныптан бастап кикбоксингке қатысып, қызыл белбеуге дейін жеттім. Математика пәнін жақсы көрдім. Алайда мектепті тек 4-5-ке оқыдым дей  алмаймын. Ер жете келе іскерлікке бейім болдым. Әкем кірпіш (пескаблок) шығаратын. Өзінің жұмысшылары болды. Солардың қатарына мені де қосып  қоятын. Кірпішті сатып алушылар келгенде үстіне 1 теңгені қосып, өзіме ақша жасап, күніне 5 мың теңгеге дейін табатынмын. Тиыннан теңге құралатынын  осы кезден  бастап білдім. Бұл үшін әкеме өте ризамын.  Кейін жолдастарыммен бірге ілесіп, көлік жуу  бекетінде жұмыс істедім. Сол тұста  тапқан ең алғашқы  4 мың теңге табысымды  анама әкеп бердім. Осы кезде  ата-ананың  қандай еңбекпен ақша табатынын түсіндім. Содан оларға: «Сіздер  маңдай термен тапқан ақшаны  бізге қалай қиып бересіздер?» деп сұрақ қойып едім. Бұлай деуім, өзім тапқан ақшаны іштей қимай бергендіктен бе, кім білсін?!  Ал олар  барын баласына беретін жандар ғой…Қазір кез келген ортада тілек айтқанда  балалары ата-аналарының еңбегін бағалай  білетін азаматтар болып өссін деймін. Әлбетте, әке-шеше алдындағы парызды өтеу мүмкін емес.  Дегенмен, тұтынушы ғана емес, беруші де болу керек. Бала тек өз арманын ғана емес, ата-анасының да нені армандайтынын білгені дұрыс.  

Мектепті бітірген соң колледжге оқуға түстім. Бағдарламашы (программист) мамандығында 3 жыл оқыдым. Алайда  мамандықты дұрыс таңдамағанымды кейін білдім. Негізі мектепте оқып жүргеніңде  мамандық жайлы  терең біліп, зерделеп барып түскен дұрыс екен. Өйткені  мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз екенін түсіндім. Адам жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеуі керек деп жатады ғой. Кейін білімімді одан әрі жетілдіруде жергілікті басқару ісі бойынша,  одан кейін Алматы Менеджмент университетінің магистратурасын оқып бітірдім, – дейді Елдос Қайыркенұлы.

Өткен өмірінен сыр шерткен кейіпкеріміздің сөзінше,  жол апатына түскен соң жарты жылдай төсекке таңылып жатып қалған. Ата-анасының қолдауымен жарты жылдан кейін отыруды, одан кейін еңбектеуді үйренген. Бір жылдан кейін  қозғала бастапты.  Үш жылдай үйде  жаттығу жасап, оң нәтижеге қол жеткізген. Балдаққа сүйеніп алғашқы қадам жасағаннан  бастап  үйден шығуға бел буған. Осылай «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжеркеновамен танысып, өзі секілді жандардың отбасын асырап, жұмыс істеп  жатқанын көреді.

– Осы бірлестікке келіп, Роза апайыммен танысу арқылы өмірдің жаңа бір парағын ашқандай болдым. Сол кісіден  көп дүниені үйрендім. Жұмысқа тұруға қатысты жобамды  қорғауды да осы бірлестіктен бастаған едім. Алғашқы қалалық  байқауға арбада отырған үш адам қатыстық. Бірақ  мен көп ойландым. Неге десеңіз, көпшілік ортаға  шығу, өзгелердің алдында өзімді көрсетуге қысылатын едім. Дегенмен,  екі жолдың бірін таңдау керек болды. Біріншісі,  өмірбақи ешкімнің алдына шықпай, жасырынып өту,  екінші бағыт,  әрекет етіп, алдыға жылжу. Осылай екінші жолды таңдап, байқаудан 1-орын алып, қала әкімі орынбасарының қолынан грамота мен фотоаппарат  алдым. Бұл өмірімдегі үлкен жеңісім, жеткен жетістігім еді. Сөйтіп, жобаларымды қорғау арқылы алға жылжуға болатынына көзім жетті.

Содан кейін Роза апай мүмкіндігі шектеулі 20 адамды  кәсіп саласында  білімімізді жетілдіру үшін  оқуға жіберді. Алайда  жиырманың арасынан суырылып шығып, өз жобамды қорғаған мен ғана. Бизнес-жобаны табысты қорғағаннан кейін алғашқы 3 млн. теңгенің грантын ұтым алдым. Бұл қаражатқа арнайы тренажерлер сатып  алып, қалалық әкімдіктен жалға берілген  бөлмеге жөндеу жұмысын жүргіздік. Осындай мүмкіндікті пайдаланғаным үшін өзіме ризамын. Себебі, бүгінгі берілген мүмкіндік  ертең қайталанбайды. Дер кезінде пайдаланып қалғандықтан, бүгін осындай деңгейге жеттік, – деп ағынан жарылды ол.

Кейіпкеріміз  2014 жылы 3 миллион теңгемен кішігірім фитнес клуб ашып, кейін  оңалту  орталығына айналдырды. «Асар» спорттық-оңалту кешені бүгінде кәсіби мамандардың көмегімен жүздеген адамға жаңа үміт сыйлап отыр. Мұнда көрсетілген барлық қызмет мемлекет тарапынан тегін ұсынылады. Сондай-ақ, ол «Startup Bolashak» байқауында жүлдеге ие болып, инклюзивті пансионат ашып, ерекше күтімді қажет ететін жандарға демалуға мүмкіндік берді. Абай ақын айтқан:  «Пайда ойлама, ар ойла» сөзін Елдос өмірлік ұстанымына айналдыра білді. 

– Әкем – Алакөлдің тумасы болғандықтан көлге демалуға барушы едім.  Сол кезде  жағада жүретін мүмкіндігі шектеулі жан жалғыз өзім болдым. Демалушылар арасында маған  таңырқай қарайтындар көп еді. Бірақ менің жүрегімді  «адамдар неге маған қарайды деп емес, тағдырластарым неге мұндай жерге келмейді?» деген ой мазалады. Сөйтіп ойыма   мүмкіндігі шектеулі  жандар үшін демалыс орнын ашу идеясы  келіп, оны телефоныма түртіп  алдым. Қалың ойда жүргенімде  «Startup Bolashak» байқауы  өтетінін оқып, өз жобамды ұсынуды  жөн көрдім. Екі мың жобаның арасынан үздік жобаға өтіп, финалға қатысып, жүлделі 2-орынды иелендім.  Нәтижесінде, 8 млн. теңге ұтып,  грант  иегері атандым. 2016-2017жылдары ұтқан қаражаттың үстіне тағы ақша қосып, пансионат аштым. Бұл кәсіптің арқасында бірталай адамды жұмыспен қамтыдық, – деген Елдос Баялышбаев пансионатта «инватакси», арнаулы жаттығу құрылғылары және көлге еркін жету мүмкіндігі де қарастырылғанын айтты. 

Әңгіме желісінде Елдос Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған «Шөп тамыры» атты байқауға қатысып, қомақты қаржы ұтып алғанын да тілге тиек етті.

– 160 мемлекеттің өкілдері қатысқан байқауға қатысып, тағы да қомақты қаржының грант иегері  атандым. Өте қиын болды. Өтінім берудің өзіне төрт ай уақыт кетті. Ұтқан қаржыға Америка, Германия, Польша, Италия, Ресей секілді шетелдерден арнайы құрылғылар сатып алдық. Осылай фитнес клубтан  оңалту орталығына ауыстық. 

2017 жылдан  оңалту орталығы болдық қой. Сол кезде орталыққа келушілер «Жердің бетіне қашан шығамыз?» деп қалжыңдайтын. Бұлай деуі, бұрынғы орын жертөледе болды. Осыдан кейін жаңа орталық ашу үшін қандай грантқа қатыссақ болады деген оймен тағы іздене бастадым. Сөйтіп, «Бөбектер» қорының «Өз бизнесіңді баста» атты жобасына үш жыл қатарынан қатысып, үшінші жылы (50 мың доллар) грантты жеңіп алдық. Ұтқан қаражат орталықтың фундамент, бетон құю жұмыстарына  жұмсалды. Сол кездегі қала әкімі болған Ермек Алпысов бұл жерді бізге жалға беріп: «Келешекте   жобаңды іске асырғанда  сатып аларсың» деген еді. Сөйтіп ісіміз алға басып, толықтай сатып алуға қол жеткіздік.  Бұл кешен жалғыз менің ғана емес, көптің көмегімен салынды деп айтсам болады. Сол тұстағы облыс әкімі  Амандық  Ғаббасұлы кірпішін алып берді. Одан кейін тапқан табысты 5 жыл қатарынан осы  жердің құрылысына  құйдық. Сыртқы құрылысы толық жасалып біткен соң   ішкі жұмыстарына бір жылға  жеңілдікпен несие алдым. 

Қазіргі таңда спорттық-оңалту  кешенінде 30-дан астам маман күніне 50-60  адамға қызмет көрсетсе, жыл соңына дейін  430 адам емделеді. Сондай-ақ, біз үйде жатқан науқастар үшін көшпелі оңалтуды қолға алдық. ЛФК және массаж жасайтын мамандарымыз  күндізгі  және кешкі топқа бөлініп, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барады. Шамамен жылына 200 адам қамтылады.  Ал, үйде жатқан науқастарға  көшпелі оңалтуды ұйымдастыруға қатысты ойымды облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қабылдауында болғанымда  айтып едім. Ол  бірден  қолдау көрсетіп, ойымды құптады,  – дейді ол.

Елдос тек өзінің  ғана емес, тағдырластарының да  өмір сүруге деген ынта-жігерін арттырып, айқын  жол ашты. Қайсар азамат мүмкіндігі шектеулі  жандарға қолайлы орта қалыптастыру үшін барын салып келеді. Әр  жобасы арқылы  мүгедектігі бар адамдарға физикалық және психологиялық тұрғыда қолдау көрсетуде. Жоғарыда айтқан жобалардан бөлек «Асар» автоволонтерлік жобасын да іске қосты. Бұл жоба арқылы еріктілер мүмкіндігі шектеулі  жандарды тасымалдау қызметін ұйымдастырады. 2017 жылдан бастап қолға алынған жоба аясында 10 мыңнан астам қайрымдылық сапары жасалыпты.  Бұл тұста: «Автоеріктілер арасында кәсіпкерлер де бар. Осыдан төрт жыл бұрынырақта арбада отырған екі жас отау құрды. Біздің еріктілер тегін кортеж ұйымдастырды», – деген Елдос  әрбір адамға құрметпен қарап, көмек қолын созуға әрдайым дайын екенін, еріктілікті   міндет емес, адамдық парыз деп қабылдайтынын айтты. 

Сондай-ақ, ол «Мейірімді такси» жобасын іске қосып, мүгедектерге  арналған «инватакси» қызметін  кеңейтті.  Жалынды сөзбен емес, жарқын ісімен көпке үлгі болған кейіпкеріміз: «Мен үшін дүниеден гөрі адамның көңілі қымбат. Ал қолдан келгенше  адамдарға көмектесуім – менің үлкен жетістігім», – дейді. 
Оның еңбегі бағаланып, 2016 жылы «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша марапатталса, 2024 жылы  «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

«Жүректе оты бар жандар ғана елге шын пайда келтіре алады» – деген ғой хакім Абай.  Елдос та  – жүрегімен  тіршілік еткен, өзгелерге жарық сыйлаған азамат. 

Сарби ӘЙТЕНОВА

Қатысты жаңалықтар

Қазақы қалжың

Қазақы қалжың

14.05.2025
2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

13.05.2025
Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

13.05.2025
Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

13.05.2025
«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

13.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.