Менің туған жерім Көпбірлік ауылы. Мен осы ауылда тұрамын. Ауылымды өте жақсы көремін. Көпбірлік – жер бетіндегі ең әдемі мекен.
Біздің ауылдың табиғаты өте көркем. Айналасы жасыл желекке оранған. Көктемде құстардың сайраған үні естіледі. Табиғаттың әсем көрінісін көрген сайын туған жерімді мақтан тұтамын.
Көпбірлікті «балықшылардың ауылы» дейді. Мұнда ауыл тұрғындарының көбі балық аулаумен айналысады. Үлкендер таңертең ерте тұрып, еңбек етеді. Мен олардың еңбексүйгіштігіне сүйсінемін.
Біздің ауылда аң мен құстың көптеген түрі кездеседі. Кейде көкте қалықтаған құстарды тамашалап, табиғаттың ғажайыптарына таңғаламын. Осындай әсем өлкеде туып, өскеніме қуанамын.
Көпбірлік ауылынан көптеген талантты, өнерлі және білімді адамдар шыққан. Олар әртүрлі салада еңбек етіп, туған ауылымыздың атын шығарып жүр. Мен де өскенде ауылымды мақтан ететін жақсы азамат болғым келеді.
Ауылымыздың адамдары өте ұйымшыл әрі қонақжай. Үлкендер бізге ақыл айтып, қамқорлық көрсетеді. Біз әрдайым бір-бірімізге көмектесеміз.
Мен өз ауылымды мақтан тұтамын. Туған жерімнің көркейіп, гүлдене беруін тілеймін.
Нұрдәулет ТЕҢІЗБАЙ,
4-сынып оқушысы





