Сарқан ауданында қант қызылшасын себу науқаны қарқынды жүруде. Биыл аудан бойынша 49 шаруа қожалығы 2500 гектар жерге тәтті түбір егуді жоспарлаған.
Науқанға қажетті дайындық ерте көктемнен басталды. Тұқым қоры жасақталып, тұқым жаңарту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Шаруашылықтарға арзандатылған дизель отыны бөлініп, мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген несие қарастырылған.
«Алмалы» сервистік дайындау орталығының басшысы Ерлан Бліскелдіновтің айтуынша, шаруашылықта қант қызылшасын себу жұмысы қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 2 техника тұқым себуге жұмылдырылған. Жоспар бойынша 90 гектар алқапқа қант қызылшасын сеппек.
– Тұқым, тыңайтқыш алу үшін мемлекет тарапынан түрлі жеңілдік қарастырылған. Мұның бәрі сапалы өнім алып, мол түсімге қол жеткізу үшін жасалып жатқан қолдау, – дейді Ерлан Бліскелдінов.
Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 23 шаруа қожалығы 800 гектарға жуық жерге қант қызылшасын сеуіп үлгерді. Науқанға 23 дана себу агрегаты тартылған. Дала жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде.
Диқандар агротехникалық талаптарды сақтай отырып, әр күнді тиімді пайдалануға күш салуда. Алдағы уақытта да көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай жалғасын таппақ.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





