Сүйегі асыл жан бала күнгі көрген-білгендерін ұмытпайды. Зеректігі жан дүниесіне өнер-білім жинатты. Бар жақұтты бойына қазына қылып құя білді. Ол бүгінде еліне елеулі жан. Түрлі қиындықты да бастан кешірді. Бірақ, жігерлі жан сынақты сабырмен жеңді. Өнер мен білім, талант пен талап, іскерлігімен танылған Дина Нұрғалиқызы жайлы аз-кем қозғайық. Дина апай адал, тынымсыз еңбегінің арқасында кеудесіне жарқыратып, «Құрмет» орденін тақты. ҚР Мәдениет қайраткері, Еңбек Ері медалінің иегері. Ол елдің мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын көтеруге сіңірген еңбегі үшін құрметке бөленді. Дина Нұрғалиқызы Алматы облысы, Талдықорған қаласы және Көксу ауданының Құрметті азаматы. Отбасы мен қызметтің тізгінін тең ұстап, қос міндетін де жетістікке жеткізген аяулы жан. Ел тілеуімен еңсесі биік Дина Нұрғалиқызы 85 жасында басшылықтың қолқалауымен «Өмірі көпке өнеге» атты мерейтойлық концертін ұсынып жатыр. Қоғам қайраткері ел-жұртына ән мен жырын тарту ете берсін. Біз көрген-білгенін жанымызға сіңірейік.
Дина апамыздың бүгінгі күнге еңсесі биік, абыройлы жетуінің сыры – уақытын бос өткізбеуінде. Содан кейін, әрине, мойымайтын мінезінде. Өнерге, өмірге құштар жан бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел-ананың символы іспетті. Бүгінде «Әжелер хорында» әнші. Сондай-ақ, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты кеңес құрып, көпшілікті ұлттық өнегеге тәрбиелеуде.
Жігерлі қыз білім мен өнерге бала кезінен құмар еді. Екі ананың үміті болған бүлдіршін өзін көп назарында сезініп келеді. Қос ананың тілеуі, рухы, ризашылығы оны қорғап-қоршап, қошеметті ортада жүруіне нәсіп етті. Әкесі Нұрғали: «Қызым, радиодан Дина Нұрғалиқызы ән орындайды дегенді естісем арманым жоқ» дейтін. Әке арманы орындалды. Радио деген не тәйірі. Ол жер-жерде мәдениет саласының дамуына еңбек сіңіріп, көп алдында ән шырқап, әкесі мен анасының табанының ізі қалған өңірді жырға бөледі. Нұрғалидың бір тал қызғалдағы әкесінің есімін құрметпен ататып, ата-анасының көзін көргендердің мақтанышына айналды. Міне, елге еңбек сіңірудің үлгісі.
Өжет қыз қандай мамандықты болса да үйіріп әкететіндей зерек болып ержетті. Құрбылары «Ұстаздық оқуға барайық, дәрігерлікке түсейік» десе де санасында әке аманаты жаңғырып тұратын. Жарық дүниеден кеудесі шерге толып өткен әкесінің арманы орындалуы тиіс. Әкесі Нұрғали мен анасы Разиқаның балалары дүниеге келісімен шетінеп кете беріпті. Содан: «Бізде болса өліп қалар, маңдайымызға бала бұйырмаған екен, қыз аман қалсын» деп Динаны Ақбөпе деген туысқан келіншекке беріпті. Содан Ақбөпе ес білмейтін баланы кеудесіне қысып отырып, «Сені маған құдай берді» десе бүлдіршін жұлып алғандай «Мені саған құдай емес, Разиқа берген» дегенде бауырына басқан анасы «апыр-ай, ес білмейтін баланың мынандай сөз айтқаны сұмдық қой» – деп шошып кетіпті. Сонымен, туған ата-анасы құдайдан қорқып, баласын менікі деп айта амай дүниеден өтіпті. Сондай әкенің тілеуін қалай орындамасқа. Ол мектепті тамамдасымен Алматыға барып құжаттарын опера театрындағы «хор студиясына» тапсырды. Әділқазылардың құрамында Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Кәукен Кенжетаев бар. Сынаққа бірінші кіріп шыққандар әділқазылардың алдында дауысты қатты шығарып, тоқтамай айту керек. Олар әнді үзбей айтқан адамды ұнатады, – деді. Дина Нұрғалиқызы өнер адамына тән аңғал көңілмен құрбыларының айтқан сөзін дәл солай қабылдап, сахнада әнді тоқтатса да тоқтамай айтуға бекінеді. Әділқазы мүшесі Күләш Байсейітова қай жерден келгенін, қандай ән орындайтынын қашаннан бері ән айтатынын сұрайды. Сонда Дина қыз «Білмеймін, бала кезімнен ән айт десе айта беретінмін» деп шынайы жауап береді. Осылайша ол: «Бізде дәрігер бір қыз бар» деген әнді орындаймын, деп тосылмастан бар дауысымен шырқай жөнеледі. Отырғандар дауысына риза болды ма, әлде құлақтары ауырды ма бір шумақтан соң «тоқта, жақсы» деді. Ол болса тоқтамай айтқанды жақсы көреді екен деген сөзді ұстанып, бар дауыспен екінші шумақты орындап шығады. Күләш Байсейітова дауысына, пысықтығына қуанып, бірінші кезеңнен өткізеді. Алда әлі екі кезең бар екенін ескертеді. Сол сынақтан өтсе оқуға қабылданатынын айтып, жігерін жаниды. Сонымен қайтпас қайсар мінезі мен өнерінің арқасында ол оқуға қабылданады. Студенттік шақтың қызықты күндері басталады. Белсенді қыз қатарластарының алдынан көрінді.
Құрбысы Әйкен екеуі өнер ордаларына жиі барады. Театрға қызығушылығы оянды. «Шіркін, бұл оқуды аяқтап, ары қарай тағы бір өнер ордасында білімімді шыңдасам» дейді арманшыл қыз. Дина үшін алдағы армандарға қол жеткізуден басқа мақсат жоқ еді. Оқуға түсісімен Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің 10 күндігіне студияның 10 шәкіртін алып барды. Оның ішінде Дина Нұрғалиқызы да бар. Жалпы осы хор студиясын ашудың мақсаты – опера театрының құрамын жаңарту екен. Бірде құрбысы Динаны бір жігітпен таныстыруға себепкер болады. Политехникалық институттың студенті, Қажымұқан есімді жігітті бөлмеге шақырып, екеуін таныстырады. Бөлмеге келген қонақ жігіттің сұлтаны еді. Қайсар қыз басқаға ұқсамайтын азаматпен бақытты болатынын сезгендей. Бітімі ерекше, келісті жігіт ер мінезді Динаны бірден өзіне ғашық етті. Көп ұзамай қос ғашық шаңырақ құрды. Отбасын құрған екі жас бір мақсатқа қол ұстасып бірге жүрді. Жас отбасы пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, қоғамдық жұмыстан қалмады. Бар қиындықты бірге жеңуге, бір жастықта қартаюға серттесті. Құлай сүю деген осы шығар. Дина тәтем қазір де жан жары туралы әңгімені жылы сезімнен бастайды. Арадағы сүйіспеншілік, түсіністік, бірін-бірі толықтырып, екеуі елге үлгі отбасы атанып, ұл-қыз өсіре жүріп, қоғамның өркендеуіне еңбек сіңірді. Дина Нұрғалиқызының дарынын шыңдар кезде таразының басы отбасы берекесін сақтауға ауды. Жары оқу бітіріп іргелі ауданның жауапты қызметін атқаруға аттанғанда Дина Нұрғалиқызының да шаруашылыққа баруына тура келді. Ол кезде оқу бітірерден бір жыл бұрын жолдамамен жіберген жерге барып еңбек ету керек. Онсыз диплом берілмейді. Жары Гвардия ауданына кетті. Ол алғашында театрда қалды. Бірақ тағдыр Динаны кіндік қаны тамған өңірге қайта алып келді. Бұл кезде тұңғышы дүниеге келген. Баланы әкесінің жылуына бөлеп өсіру үшін үлкен шаҺар, жақсы қызмет, үй кезегін тастап, ауылға ат басын бұрды.
Бірақ, алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Шаруашылық, аудан басшылары жанып тұрған белсенді қызды мәдени ошақтарға басшылыққа қойды. Жап-жас келіншек Көксу ауданының Мәдениет үйіне директорлық қызметке тағайындалды. Жас дарын аудан мәдениетін алға жылжытты. Дарынды жастарды сахнаға шығарды. Сол кезде ел ішіндегі дара дауысты ұл-қыздардың жолы ашылды. Дина Нұрғалиқызының өз ісіне жауапкершілігі, берілген тапсырманы тастай қылып орындайтын қасиеті аудан басшыларын тәнті етті. Басшылар өнерге бейім бүлдіршіндерді оқытып, кәсіби білім берсек деген оймен Дина Нұрғалиқызына музыка мектебін ашуды тапсырды. «Балаларды өнерге тәрбиелеу үшін қандай аспап керек десең бәрін алып береміз. Тек, ұл-қыздарға музыка аспаптарын меңгертіп, би үйрететін жағдай жасау керек. Сенен басқа осы бастаманы ешкім дөңгелентіп әкете алмайды. Білекті сыбанып іске кіріс, біз саған жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді аудан басшысы Тұрсын Махметов. Сенім білдіріп, сенің қолыңнан келеді деп отырса неге қолға алмасқа деген Дина Нұрғалиқызы екі айда мектеп те ашып, балаларды жинап та үлгерді. Осылайша өміршең өнер мектебінің тарихы қалыптасты. Мұнда көптеген шара өтіп, балалардың өнердегі жолы ашылды. Қашан да жақсы істердің ұйымдастырушысы болып жүретін пысық маманды облыстағылар да көріп, бұдан да жауапты қызметтерді дөңгелентіп алып кететініне сенетін. Ақыры облыс басшылары Дина Нұрғалиқызына І. Жансүгіров сарайының директоры болу жайында ұсыныс жасайды.
Бұл кезде ол теледидар, радиодан ән айтқан бірге оқыған құрбыларын көргенде көңілі бұзылып жүрген. Мен де бірге оқығандардан әнді кем айтпаймын. Көгілдір экраннан ән шырқап жүретін кезімде ел ішінен шыға алмай жүргенім-ай деп налитын. Бірақ ол ел тілегін, ағалардың ұсынысын аттап кете алмады. Үлкен-кіші қызмет ұсынып, қолқалап тұрса қалай бетін қайтарады. Оның үстіне жары мен балалары да Талдықорғанның маңынан орын тапты. Сонымен облыс басшылары Қажымұқан ағаға жұмыс тауып беріп, Дина Нұрғалиқызын облыстық Ілияс Жансүгіров сарайына басшылыққа тағайындады. Маманды сыртқа жібермеу үшін 4 бөлмелі пәтер берді. Ол театрды басқарғанда 4 өнер мектебі «Халықтық өнер ұжымы» атағын алды.
Гүлжан ТҰРСЫН





