«ПИТЕНКО» шаруа қожалығының жетекшісі Сергей Питенко Сарқан ауданы Тополевка ауылында тұрады. Ара шаруашылығымен айналысып келе жатқан омарташының әкесі Владимир Питенко де талай жыл осы іспен шұғылданған. Кейіпкеріміз бүгінде әке жолын қуып, отбасылық кәсіптің керегесін кеңейтуде.
Үш дипломды маман
Қазіргі таңда омарташылық ауыл шаруашылығындағы маңызды салалардың біріне айналып отыр. Табиғи балға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Осыны білетін омарташылар да бал араларын күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлуде. Себебі араның күтімі жақсы болса, өнім мол болады. Ара шаруашылығының жандануына үлес қосып келе жатқан тәжірибелі омарташымен кездесіп, әңгімелесу үшін арнайы іздеп бардық.
Кәсібі өркендеген шаруашылық табиғаты әсем де көзтартарлық тау етегінен орын теуіпті. Байқағанымыздай, омарта маңы ерекше тіршілікке толы. Құжынаған бал арасы бір сәт дамыл таппай гүлден-гүлге қонып, өз міндеттерін мінсіз атқаруда. Табиғаттың осы бір кішкентай еңбекқор жәндіктері мол пайда әкеліп, адамды тынымсыз тіршілікке, тәртіп пен жауапкершілікке үндейтіндей болып көрінді. Көп ұзамай біз де кейіпкерімізді сөзге тарттық.
Сергей Владимирұлының айтуынша, оның үш жоғары білімі бар. Олардың бірі еуропалық – менеджмент және маркетинг. Бұл бизнесті дамытуға және жарнаманы реттеуге көмектеседі. Екіншісі – заңгерлік. Бұл өз құқығын білуге жәрдемдеседі. Үшіншісі – Мәскеудегі аграрлық университеттегі ара шаруашылығы бойынша факультет. Уақытының басым бөлігін оқу оқып, білім алуға арнаған омарташы үшін мұның бәрі – бал араларына дұрыс қызмет көрсетуге, ғылыми көзқарастың қалыптасуына ықпалын тигізуде.
Владимир Питенко: «Біз араларды сұрыптау және жасанды жолмен ұрықтандырумен айналысамыз. Бұл істе жоғары білімнің болуы өте жақсы көмектеседі. Жұмыс кезінде аналық араны ұйықтатып, жасанды жолмен ұрықтандырамыз. Осылайша үлкен және мықты жаңа отбасын құратын аналық ара болатынына көз жеткіземіз», – деді.
Бал – табиғаттың адамзатқа берген ең пайдалы тағамдарының бірі. Ол ежелден емдік қасиетімен бағаланып, халық медицинасында кеңінен қолданылып келеді. Десек те қазір нарықта табиғи балмен қатар сапасыз немесе қолдан жасалған өнімдер де кездеседі. Сондықтан балдың сапасын анықтау – әр тұтынушы үшін маңызды.
Әңгімелесу кезінде біз омарташыдан бал сапасының қалай тексерілетінін сұрап білдік.
– Бал алдымен ылғалдылықта тексеріледі. Ара шаруашылығындағы ең басты қателік – омарташылар көбіне асығыстық танытып, балды ерте сығып алады. Бұлай істеу дұрыс емес. Өнім қажетті ылғалдылыққа жетпейінше оны алмау керек. Бұл тәртіп сақталмаса бал аши бастайды. Біз өнімді дайын болғанда ғана сығып аламыз, – дейді Сергей Питенко.
Сондықтан сапалы балды таңдау үшін сенімді омарташылардан немесе арнайы сертификаты бар дүкендерден сатып алған жөн. Өнімнің шыққан жеріне, сақтау мерзіміне және құрамына назар аудару қажет. Табиғи балда ешқандай жасанды қоспалар болмауы тиіс. Өйткені тәтті өнім адамның денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды тағам. Бір сөзбен айтқанда, табиғи әрі сапалы өнімді таңдау әрбір адамның басты назарында болғаны жөн. Кейіпкеріміздің айтуынша, бал жинау көлемі әр жылы әртүрлі. Бірақ бір маусымда орта есеппен 20-30 тонна шамасында өнім жиналады.
Элиталық тұқым табыс көзі
Элиталық ара тұқымын өсіру – табысты кәсіптің бірі. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласында да маңызды рөл атқарады. Арнайы сұрыпталған аралар жоғары өнім беріп, бал сапасын арттырады. Мұндай ара тұқымдары табиғатқа төзімді, еңбекқор және ауруға қарсы иммунитеті мықты келеді. Ара шаруашылығын дамытушылар асыл тұқымды араларды көбейту арқылы экологиялық таза өнім өндіруге үлес қосады.
«Питенко» шаруа қожалығы негізінен араларды іріктеп, аналық ара балын өсіруге бағытталған. Қазір шаруашылықта Австралия елінен әкелінген ара тұқымы бағылуда. Олар жергілікті ауа райына тез бейімделеді. Сондай-ақ сабырлы және көп бал жинайтынымен ерекшеленеді. Омарташы бал арасының элиталық тұқымын өсіріп, оларды бүкіл Қазақстанға сатады. Ал бал өндіру жұмыстары шаруашылықта екінші орында. Отбасылық шағын омарта шаруашылығына бүгінде 45 жыл толып отыр.
– Қиындық біздің дамуымызға көмектесті. Бастапқыда жақсы ара ұялары мен сапалы құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді қайдан сатып алуды білмедік. Осының бәрінің шешімін тауып, нәтижесінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз дүкендерімізді аштық. Қазір жұмысымыздың басым бөлігі біріздендірілген. Ара шаруашылығына қажет құрал-жабдықтарды да сатамыз. Осылайша елдегі кез келген ара өсіруші сапалы жабдықтарды алуға мүмкіндігі бар, – дейді омарташы.
Араны сұрыптау – омарта шаруашылығындағы маңызды жұмыстардың бірі. Бұл жұмыс арқылы өнімділігі жоғары, ауруға төзімді және табиғи жағдайға бейім ара тұқымдары іріктеледі. Сұрыптау кезінде аналық аралардың жұмыртқа салу қабілеті, бал жинау өнімділігі және ара отбасының тыныштығы ескеріледі. Омарташы күшті ара отбасыларын таңдап, олардан жаңа аналықтар өсіреді. Нәтижесінде омартадағы бал өнімділігі артып, аралардың сапасы жақсарады. Сұрыптау жұмыстары, сондай-ақ ара ауруларының алдын алып, омарта шаруашылығын дамытуға жол ашады.
– Алдымен аталық және аналық материалдың әртүрлі болуы маңызды. Егер материалды бір отбасынан алсақ, жақын туысқандық будандастыру (инбридинг) жүреді де араның тұқымдық сапасы тым нашарлайды. Сол себепті біз бал арасы бақшасын өзге омарта шаруашылығынан алыс ұстаймыз. Бізде аналықтарды ұрықтандырудың екі тәсілі бар. Біріншісі – жасанды, микроскоп арқылы. Бұл өте ұзақ және қымбат, мұндай аналықтарды 100-150 еуроға сатамын. Екінші тәсілі оңайырақ – табиғи шағылысу. Бірақ мұнда оқшаулау маңызды, аналық – ұядан ұшып шығады, оны аталық ұрықтандырады. Бұл мен өсірген аталық тұқым болуы үшін аралардың ұшу аймағының шамамен 3,5-4 шақырымына дейін бөтен ара ұялары болмауы шарт, – дейді кейіпкеріміз.
Тұқымды асылдандыру – табиғи таза өнім өндіруге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан бұл өте ұқыптылықты қажет ететін жұмыс болып табылады.
Мемлекеттік қолдау керек-ақ
Өсімдіктер әлемі арасыз тіршілік ете алмайды. Өйткені олар өсімдік тозаңын тасымалдайды. Егер аралар жойылса, өсімдіктердің көбі жойылады. Ал оның балы қуатты табиғи антисептик. Онда бірде-бір бактерия тірі қалмайды. Ол миллиардтаған жыл бүлінбей, сақталады. Жәндіктер әртүрлі дәрілік шөптен нәр жинайды. Елімізде дәрілік өсімдіктерден бал жинайтын арнайы жүріп-тұратын тіркемелі мобильді омарталар бар. Жиналған өнімдер тек емдік ретінде пайдаланылады. Таза балдың бағасы да арзан емес.
Ең жиі қолданылатын тәсіл – араларды қант шәрбатымен азықтандыру. Мұндай өнім ара өзі жасағандай болады. Ол техникалық тұрғыдан бал сияқты, бірақ пайдасы жоқ. Онда сахароза мен глюкозаның мөлшері жоғары. Бұл әдеттегі қант сияқты, бірақ 4 есе қымбат. Тек зертхана ғана балдың сапасы мен тазалығын дәл көрсете алады. Мысалы, күнбағыстан алынған бал бір-екі аптадан кейін қантқа айналады. Шын мәнінде ол табиғи таза бал, бұл өсімдіктің қасиеті осындай.
Омарташылар қазір Instagram, Telegram, TikTok сияқты әлеуметтік желілерді жүргізеді. Сергей де өзінің желі парақшасында бал өндірудің барлық үдерісін көрсетеді. Көпшілік оны көріп, шынайы әрі сертификатталған бал екеніне көз жеткізеді де сатып алуға тырысады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, елімізде бұл іспен көбіне ауыл тұрғындары айналысады. Яғни, ол лайықты табыс табуға көмектеседі. Адам еңбекті сүйсе, дипломсыз-ақ жақсы өмір сүруге мүмкіндігі жетеді. Ал жалқауларға ара шаруашылығына барудың қажеті жоқ. Шаруа қожалығында қазір мыңға жуық ара ұясы бар.
Субсидия әрбір ара ұясына қарастырылған. Арнайы комиссия келіп, оларды санап, белгілейді. Бұрын шаруашылық әрбір ара ұясына 5 мың теңгеден алған. Бұл аз болса да қолдау. Алайда соңғы екі жылда субсидия берілмей келеді. Қазір омартада онға жуық адам еңбек етеді. Бәрі жергілікті тұрғындар. Еңбек ауыр әрі сауаттылық пен төзімділікті талап етеді. Бүгінде бұл сала бойынша маман табу қиын. Өйткені көп адамның мұндай жұмыс істеуге құлқы жоқ. Сол себепті шаруашылықта қазір еңбектің бәрі бағаланады.
Шаруашылық иесі қазір сол маңнан көлдің орнын қазып жатыр. Онда форель балығы өсірілмек. Сондай-ақ бал арасымен емдеу орнын салуды да жоспарлап отыр. Сөйтіп демалыс аймағын жасау, табиғат аясында демалу, балық аулау, сауықтыру туризмін құру сынды армандарын жүзеге асыруды мақсат етуде.
Айгүл БАЙБОСЫН





