Биыл елдегі түрлі этностардың ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының қорытынды отырысы өтіп, «Оқылмаған хаттар» атты фильмнің премьерасы көрсетілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты.
Салтанат сарайынан бастау алған жиынды Диас Рахметұлы:
– Биыл Қазақстан халқы ассам-блеясы үшін айрықша маңызға ие жыл болды. Мерейтой ел көлемінде, облыста да жоғары деңгейде аталып өтті. Қазақстан халқы ассамблеясы ХХХІV сессиясындағы Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес Жаркент қаласында Панфилов аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, қыркүйек айында I сессиясын өткізді, – дей келе атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатты.
Осыдан кейін «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Еркебұлан Ақболатов жыл бойы істелген жүйелі жұмыс пен алдағы жоспарды баяндады.
Келесі кезекте «Бірлік пен келсім жолындағы 30 жыл» кітабының тұсауы кесіліп, ынтымақты ұран, татулықты ту еткен жинақ оқырманға жол тартты.
Мерекелік шара Бикен Римова атындағы академиялық театрда жалғасты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай республика бойынша тұңғыш рет Жетісу облысында түсірілген «Оқылмаған хаттар» атты фильмнің премьерасы болды. Туындының режиссері Ерлан Ошақбаев болса, сценарийін қазақ журналистикасының жарқын жұлдызы Бейсен Құранбек ағамыздың жары Гүлмира Зербай жазған. Жер жаннаты Жетісу өлкесінде түсірілген толықметражды фильмде ауылдарда тату-тәтті, береке бірлігі жарасқан көпұлтты отбасылардың күнделікті өмірі баяндалады. Кинода басты рөлді сомдаған қыз XX ғасырдың 30-40 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін заманында жазылып, оқылмай қалған хаттарды тарата жүріп, маңызды бір хат адам тағдырына әсер ететін жеткізеді. Бір күлдіріп, бір толқытқан кинодан жұрт ерекше әсер алып қайтты.
– Фильмнің сценарийін шығармашылық топпен талқылап, жазып шықтық. Себебі, кино Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында түсірілсе де біз көп мәселені көтеруге тырыстық. Әрине, негізгі мақсат – бір шаңырақ астында жиылған ұлттардың достығын, ауызбіршілігін, күнделікті өмірде қалай араласатынын көрсеткіміз келді, – дейді Гүлмира Зербай.
– Бір ғана оқылмаған хат қаншама адам тағдырына әсер еткенін көрдік. Бұрын адамдар бір-бірімен байланысу үшін хат алмасқан. Жазба жолдаған жақынына жетпеуі де мүмкін. Шалғай ауылда тұратын адамдар сонда да бір-бірінің хал-жағдайын білу үшін жиі хат алмасып тұрған. Ал қазір әлеуметтік желінің дамыған заманында алыстағы досың тұрмақ, жаныңдағы жақыныңның жағдайын сұрамаймыз. Бұл фильмде этносаралық достық қана емес, адамдар жанына жақын жандарды ұмытпаса деген ой салғымыз келді, – дейді режиссер Ерлан Ошақбаев.
Айдар ҚАЛИЕВ





