2026 жылғы 9-20 қараша аралығында Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаһандық маңызы бар бұл халықаралық саммитке әлем елдерінің көшбасшылары, мемлекеттік делегациялар, бизнес, ғылым мен азаматтық қоғам өкілдері арнайы қатысады. Ауқымды жиында климаттық саясат, жасыл технологиялар және орнықты даму саласындағы ұлттық және өңірлік бастамалар кеңінен таныстырылады. «Жасыл даму» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурсар министрлігінің тікелей қолдауымен Қазақстанның ұлттық павильонының іскерлік бағдарламасын әзірлеп жатыр. Әзірленген бағдарлама негізгі климаттық шешімдерді табуға, озық заманауи жасыл технологияларды қолданысқа енгізуге және еліміздің экономикасына шетелдік ауқымды инвестиция тартуға арналады. Халықаралық келіссөздер барысында парниктік газдар шығарындыларын азайту, Париж келісімін іске асыру тетіктерін сараптау және климаттың өзгеруіне бейімделудің тиімді жолдары жан-жақты қарастырылады.
Павильон жұмысы аясында БҰҰ құрылымдары, қаржы институттары мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен 36 арнайы іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі Орталық Азияның бес елінің экология министрлерінің бас қосуы саналады. Кездесуде өңірлік ынтымақтастықты нығайту, бірлескен климаттық бастамаларды жүзеге асыру және ортақ экологиялық мәселелерді шешу жолындағы іс-қимылдар үйлестіріледі. Бағдарламада климаттық қаржыландыру мен көміртегі нарықтарын дамытуға ерекше назар аударылады. Қатысушы тараптар Париж келісімінің тетіктерін, әділетті энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету, жасыл жобаларға инвестиция тарту және Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасын қалыптастыру мүмкіндіктерін қарастырады.
Бірқатар маңызды іс-шаралар циркулярлық экономиканы дамытуға, қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін өркендетуге және таза технологияларды енгізуге бағытталады. Сондай-ақ Орталық Азияда циркулярлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға арналған негіздемелік бағдарламаны талқылау көзделген. Шаһарлардың орнықты инфрақұрылымын құру бойынша халықаралық оң тәжірибе де талданады. Экологиялық бейімделу аясында өңір үшін аса маңызды болып келетін Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий экожүйесін сақтау, су ресурстарын ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығының климатқа төзімділігін арттыру, ормандар мен далаларды қорғау мәселелері кешенді түрде сөз болады.
Технологияларға арналған кездесулерде жасанды интеллект пен ғарыштық мониторингті қолдану, метан шығарындыларын бақылау, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және ғылыми деректерді пайдалану жолдары көрсетіледі. Климаттың халық денсаулығына тигізетін әсері, экологиялық білім беру мен жастарды осы бағытқа тарту мәселелері де назардан тыс қалмайды. Саммит аясында метеорология, энергетика, таза технологиялар, қоршаған ортаны қорғау мен денсаулық сақтау бағыттары бойынша 28 маңызды құжатқа, соның ішінде 19 халықаралық меморандумға қол қою пысықталуда.
«Жасыл даму» АҚ да халықаралық әріптестікті кеңейтуге, климаттық саясат, климаттың өзгеруіне бейімделу және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Қол қойылатын құжаттардың түпкілікті тізбесі әріптестермен келісілгеннен кейін айқындалады. Қазақстан павильонының жұмысы халықаралық әріптестікті кеңейтуге, қаржыландыру тартуға және Қазақстан мен Орталық Азияның климаттық әрі экологиялық басымдықтарына сай практикалық шешімдерді ілгерілетуге бағытталады. Халықаралық қонақтар мен сарапшылар Антальядағы Қазақстан Республикасының ұлттық павильонына шақырылады. Павильонда климаттық шешімдер мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірге талқылауға болады.





