Туған жердің қадірі жүрекке жақын, топырағы ыстық. Кіндік қаны тамған өлкенің көркеюіне үлес қосу – перзенттік парыз. Алакөл ауданының Екпінді ауылынан түлеп ұшқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, академик, профессор Мұхтар Байбатшанов осы ұстанымды нақты іспен өрнектеп, туған топыраққа мың түп ағаш пен бұта көшетін тарту етті.
Игі бастама аясында оның алғашқы 500 түбі жерге қондырылды. Қалған көшеттер алдағы уақытта отырғызылады. Емен, жөке, шаған, терек, тал мен доланадан тұратын жасыл желек ауылдың ажарын ашып, табиғи ортаның көркеюіне сеп болмақ.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөздің түпкі мәні де осында. Туған жерге деген сүйіспеншілік сөзбен емес, іспен өлшенеді. Мұхтар Байбатшановтың бастамасы – кейінгі буынға үлгі, елге деген ықыластың өнегелі өрнегі.
– Туған жерге қызмет ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Өзім түлеп ұшқан Екпіндінің көркеюіне үлес қосу мен үшін үлкен қуаныш. Бүгін отырғызылған көшеттер тамырын тереңге жайып, ертең ауылымыздың сәніне айналса деймін. Ағаш отырғызу арқылы келер ұрпаққа сая сыйлап, табиғатқа жанашырлық танытамыз. Ауылдастарым да осындай игі іске атсалысып, туған жеріміздің жасыл желегін бірге жайқалтуға үлес қосса екен, – дейді Мұхтар Қасенұлы.
«Жетісу-Ақпарат»





