Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер отбасы институтының дамуына жаңа талаптар қойып, азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді қажет етеді. Осы мақсатта құрылған «Жанұя» отбасын қолдау орталығы тұрғындарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік бағыттар бойынша кешенді көмек ұсынып келеді.
Орталықтың басты міндеті – отбасы құндылықтарын нығайту, әлеуметтік осал топтардағы азаматтарды қолдау, дағдарыс жағдайына ұшыраған жандарға уақтылы көмек көрсету. Орталық жанынан құрылған мобильді топтың жұмысы да аса маңызды. Мобильді топ мамандары тұрғындардың өтініштері мен шағымдары бойынша тікелей мекенжайларға барып, мәселелерді жергілікті жерде шешуге атсалысады. Олар республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдық округтер мен кенттерде ұйымдастырылып, келесі бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Ең әуелі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және жедел қолдау көрсетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын атқарады. Әлеуметтік қызметтер мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат беріп, қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық шаралар ұйымдастыруға үлкен үлес қосады.
Көксу ауданында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылған уақыттан бастап ауданның әрбір ауылдық округі мен мемлекеттік мекемелерінде мобильді топтың жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. 2 қыркүйектен бастап мобильді топ мүшелері жоспарлы жұмысқа кірісіп, бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, Көксу ауданы ҚАЖД пробация бөлімінен орталыққа 8, полиция бөлімінен 2, Мұқаншы ауылдық округінен 1 өтініш түсті. Келіп түскен өтініш бойынша жедел мобильді топ мүшелері ұйымдастырылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 2 отбасыға қайырымдылық көмегі беріліп, қазіргі уақытта 2 отбасы орталықтың тұрақты сүйемелдеуіне алынған. Мобильді топ жоспарға сәйкес ауылдық округтерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты. Аудан тұрғындары арасында сауалнамалар жүргізіліп, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды анықтау бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізді. Білім бөлімі және полиция қызметімен бірлесіп мектептер мен колледждерде зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға бағытталған семинар сабақтары тұрақты түрде жүргізіледі. Жалпы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен мобильді топтың үйлесімді қызметі аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
Нұрлыгүл ЖЕҢІС,
«Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының
халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу маманы
Көксу ауданы





