Қазақстанның әр өңірінен жиналған ұстаздар Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп-гимназиясында өткен «Өткеннен болашаққа: Тарихты жасанды интеллект арқылы зерттеу» атты республикалық семинарға қатысты. Үш күнге созылған бұл маңызды іс-шараға еліміздің 3 қаласы мен 7 облысынан келген 110 педагог жиналды.
Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихын оқыту үдерісінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру. Сонымен қатар, тарихи деректерді талдау мен интерпретациялаудың заманауи әдістерін меңгерту, білім сапасын жетілдіруде инновациялық технологиялардың рөлін айқындау, жас ұрпақтың сыни ойлауын және зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал ететін жаңа тәсілдерді педагогикалық тәжірибеге енгізу болды.
Семинар бағдарламасы аясында көтерілген өзекті тақырыптар:
- «Жасанды интеллект және тарих ғылымы: өткенді жаңаша тану»
- «Ғылыми қызметтегі жасанды интеллект: академиялық еңбектер жазу тәсілдерінің трансформациясы»
- «AI құралдары арқылы алынған тарихи ақпараттың шынайылығын қалай тексеруге болады?»
- «Қазақстан тарихы сабағында тарихи-танымдық ойындарды қолданудың тиімді жолдары»
- «Тарих пәні мұғалімінің цифрлық зертханасы: AI құралдарын сабақта қолданудың 5 тиімді тәсілі»
- «Искусственный интеллект как помощник в подготовке к олимпиадам и исследовательской деятельности»
- «Funcedu.kz – цифрлық ортадағы заманауи мұғалім: оқыту мен бағалаудың жаңа тәсілдері»
- «Цифрлық трансформация жағдайында оқушылардың сыни ойлауын дамыту»
Семинар шеңберінде «Олимп шыңы» республикалық олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиада барысында қатысушылар Қазақстан тарихы пәні бойынша тест тапсырмаларын орындау арқылы өз білім деңгейін көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында қатысушылар жасанды интеллектті оқу процесінде пайдалану тәжірибесін, заманауи цифрлық құралдарды сабаққа тиімді енгізу жолдарын және оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту әдістерін талқылады.
Семинардың нәтижесі
- Тарих пәні мұғалімдерінің инновациялық құзыреттілігі артты;
- Жасанды интеллект құралдарын тарих сабақтарына бейімдеу бойынша нақты тәжірибе алмасу өтті;
- Педагогтер өз аймақтарында білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа идеялар мен тәсілдерді алып қайтты.
Білім саласында жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы тарихты оқытудың мазмұнын жаңғыртуды көздеген бұл семинар — өткен мен болашақты байланыстыратын маңызды алаң болды.





