«Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп Абай айтқандай, мына тіршілікте көп дүниеге көңіл тола бермейді. Әсіресе, ұлттың ұстыны, елдің ертеңі, тілдің тағдыры сөз болғанда көңілдегі кірбіңнің қоюлана түсетіні бар. Біреулер қазақ болудың, ұлт болудың қамын ойлап, ана тілінің абыройын арттыруға алаңдап жүрсе, әлеуметтік желіден «бізге орыс мектебін ашып беріңдер» деп жанайғайын жеткізген қазақтардың сөзіне еріксіз елең етесің. Сонда ойға қаласың. Орыс болайын десе түрі жоқ, қазақ болайын десе тілі жоқ, екі ортада өзінің кім екенін өзі де толық түйсіне алмай жүрген бір буын қалыптасып келе жатқан жоқ па осы?!
Бұл сөзді біреуді кемсіту үшін айтып отырған жоқпыз. Керісінше, жанды ауыртатын шындықты айтпай, оның себебін түсіну мүмкін емес. Мәселе мектептің қай тілде білім беретініне ғана тіреліп тұрған жоқ. Мәселе адамның өз болмысынан неге қашатынында.
Ана тілі адамның таңдауымен ғана келетін дүние емес. Ол оның дүниеге келген сәтінен бастап бойына сіңетін рухани негіз. Бала ең алғаш анасының үнін естиді. Алғашқы сөзін үйренеді. Сол сөздер арқылы дүниені тани бастайды. Демек, тіл дегеніміз тек қарым-қатынас құралы емес, адамның өзін қалыптастыратын ортасы.
Сонда қазақтың өз тіліне деген сенімі неге соншалықты әлсіз?
Қазақ тілінің байлығы туралы сөз болғанда өзіміздің сөзімізден бұрын өзге жұрттың бағасын алға тартатын әдетіміз де бар. Неміс Герольд Бельгердің қазақ тілі туралы айтқан пікіріне назар аударсақ, ол қазақ тілінің сөздік қорының орасан бай екенін атап өткен. Жазушы қазақ тілінің мүмкіндігін жалғыз «Абай жолы» романының өзінде қолданылған 16 893 сөз арқылы мысалдайды. Бұл бір ғана шығармаға қатысты көрсеткіш. Ал қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ауыз әдебиетін, жырын, термесін, шешендік сөзін, мақал мәтелін, батасын, толғауын қоссақ, тілдің қаншалықты терең қазына екенін аңғару қиын емес.
Бірақ бізде бір қызық мінез бар. Өзіміздің байлығымызды өзіміз бағаламай, оның қадірін өзгеден естігенде барып мойындаймыз. Қазақ тілінің табиғатын зерттеген Мелиоранский де оны түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілдердің бірі деп бағалаған. Қазақ халқының шешен сөйлеуге бейімдігін, халық әдебиетінің аса бай әрі жан-жақты екенін айтқан. Ендеше, мәселе тілдің мүмкіндігінде емес екені анық. Мәселе, сол мүмкіндікті пайдаланып отырған адамның ниетінде.
Қазақ тілінің сөз саптауында ұлттың бүкіл болмысы жатыр. «Ат тұяғын тай басар» дегенде ұрпақ жалғастығын бірауыз сөзге сыйғызған. «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегенде адамның тегін тануын ұлттық сана деңгейіне көтерген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенде мемлекеттің болашағын тәрбиеге байлаған. Осындай тілді қалай ғана тұрмыстық деңгейдегі тіл деп қабылдауға болады?!
Қадыр Мырза Әлі:
Мейлі, сен көп тілді біл, қой демес ем,
Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын,
Туған ана тіліңде сөйлемесең, – деп осы мәселені әлдеқашан айтып кеткені қайран қалдырады. Осы төрт жолдың өзінде талай әңгіменің түйіні жатыр.
Көп тіл білуге ешкім қарсы емес. Қайта бүгінгі заманда бірнеше тіл білу үлкен мүмкіндік. Бірақ өзге тілдерді үйренемін деп өз ана тіліңнен алыстау, сол арқылы өзіңнің ұлттық болмысыңнан безу ақылға сыймайды. Адамның әлемге ашық болуы үшін өзінің терезесін жауып тастауы шарт емес.
Бүгін кейбір ата-ананың қазақ мектебіне күмәнмен қарап, өз баласының болашағын тек орыс тіліндегі біліммен байланыстыруы да осы түсініктің салдары. Мұның астарында қазақ тілінде сапалы білім жоқ деген жаңсақ ұғым жатыр. Қазақша сөйлеген адам заман талабына ілесе алмайды деген түсінік жатыр. Қазақ тілі ғылымның, бизнестің, технологияның, кәсіби ортаның тілі бола алмайды деген сенімсіздік жатыр. Ең өкініштісі де осы.
Тілді сырттан ешкім тартып алып жатқан жоқ. Кейде оған ең үлкен кедергіні өзіміз жасап отырмыз. Баласына қазақша сөйлемейтін ата-ана, қазақша қызмет көрсетуден қысылатын маман, қазақша жазуға ерінетін журналист, қазақ тіліндегі дүниені сапасыз деп қабылдайтын тұтынушы бар жерде тілдің толыққанды қоғамдық ортаға айналуы қиын. Сондықтан тіл мәселесін тек мемлекетке артып қою да жөн емес.
Мемлекет заңмен жағдай жасай алады. Мектеп білім береді. Мұғалім үйретеді. Бірақ тілдің шын өмірдегі тағдырын халықтың өзі шешеді. Қазақ тілі дүкенде, көшеде, отбасында, достар арасында, жұмыста, ғылымда, мәдениетте, бизнесте қолданылған кезде ғана өміршең тілге айналары сөзсіз.
Біреудің орыс тілінде сөйлеуімен қазақ тілі жоғалып кетпейді. Бірақ, қазақтың өз баласымен қазақша сөйлеспеуі, өз тілін қажетсіз санауы, қазақ тілінде сөйлеген адамнан ұялуы әлдеқайда қауіпті. Өйткені, тілдің жауы әрдайым сырттан келмейді. Кейде ол адамның өз ішіндегі немқұрайлылықтан туады.
Абайдың «қайнайды қаның, ашиды жаның» дегені де осындайда еске түседі. Қазақ тілінің байлығын Бельгер бағалады. Оның тазалығы мен шешендік табиғатын Мелиоранский таныды. Қадыр оның қасиетін өлеңмен өрнектеді. Ал біз ше? Біз өз тілімізге өзіміз қаншалықты сенеміз? Мәселе осы сұраққа келіп тіреледі. Ұрпағымызды тамырынан ажыратып, мәңгүрт етіп алмайық, ағайын.
Медет ЖҰМАБАЙ





