Қазақстанда полиция қызметкерлері планшет арқылы жүргізушілердің жеке деректерін көру мүмкіндігінен айырылды. Енді сенсорлық құрылғылар тек әкімшілік хаттама толтыру үшін ғана қолданылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұған дейін жол сақшылары жүргізушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу арқылы оның тұрғылықты мекенжайын, жұмыс орнын, байланыс нөмірін және басқа да жеке мәліметтерін көре алатын. Бұл жағдай азаматтардың шағымына себеп болып келген.
Ішкі істер органдары енгізген жаңа тәртіпке сәйкес, планшетте енді жүргізушінің жеке деректері көрсетілмейді. Полицейлер ЖСН-ді тек айыппұл рәсімдеу мақсатында ғана пайдаланады.
Жаңашылдық қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Көптеген жүргізушілер бұл өзгеріс жеке деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын арттыруға жол ашады деп есептейді.





