Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарды көшеде орналасқан күмәнді QR кодтарды сканерлеу кезінде сақ болуға шақырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ведомствоның мәліметінше, QR кодтар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанымен, алаяқтар да бұл технологияны өз мақсаттарына пайдаланып жүр. Олар түпнұсқа QR кодтардың үстіне өз кодтарын жапсырып, азаматтарды жалған сайттарға бағыттайды.
Полицияның айтуынша, мұндай сайттар арқылы алаяқтар пайдаланушылардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін иеленуге немесе төлемдерді өз есепшоттарына аударуға әрекет етеді. Көп жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасағанына сенімді болғанымен, қаражат алаяқтардың қолына түседі.
ІІМ күмәнді QR кодтардың бірнеше негізгі белгісін атады:
– QR код басқа жарнаманың немесе ақпараттық материалдың үстіне жапсырылған;
– хабарландыру ресми талаптарға сай безендірілмеген;
– «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» сияқты асықтыратын жазулар бар;
– ұйымның атауы немесе байланыс мәліметтері көрсетілмеген.
Осыған байланысты полиция азаматтарға белгісіз QR кодтарды себепсіз сканерлемеуге, сілтемені ашпас бұрын оның интернет-мекенжайын мұқият тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сайттарда жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау және құрылғыға қосымша рұқсаттар бермеу қажет.
Төлем жасау кезінде QR кодтың ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізу ұсынылады.
Егер азамат күмәнді QR кодты сканерлеп, жеке немесе банк деректерін енгізіп қойған болса, Ішкі істер министрлігі дереу банкке хабарласып, банк картасын бұғаттауға шақырады.





