Бүгінде Жетісу облысының орталығында жаңадан бой көтеріп келе жатқан тұрғын үй құрылысы қарқынды. Осыған байланысты Жаңа жыл қарсаңында облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлының тікелей тапсырмасымен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы Бәзіл қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыс сапасын тексерді.
Алдымен Ернат Дүйсенбекұлы аймақта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Құлагер» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге барып, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Әрі ондағы ғимараттарды толық аралап, қолға алынған құрылыс жұмыстарын көзбен көріп, әр істі сапалы орындауды тапсырды.
Осыдан соң қала әкімі қаладағы көркем және спорттық гимнастикаға арналған модульдік спорт кешенінің құрылысына ат басын тіреп, құрылысқа қажетті материалдардың сапасына баса мән беріп, мердігер мекеме басшыларына жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды ескертті.
Шаһар басшысының сөзінше, қазіргі кезде «Құлагер» шағын ауданындағы бұл үйлермен қатар «Ынтымақ» тұрғын үй алабында 200 пәтерлі 5 көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Жаңа нысандар келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Жалпы, биыл құрылыс саласы бойынша Талдықорған қаласы үшін табысты жыл болды. Мәселен, өткен жылы 1300-ге жуық тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 1400-ден астам отбасы қоныс тойын тойламақ. Беріліп жатқан бұл үйлердің басым бөлігі — несиелік және жалдамалы тұрғын үйлер.
Мамандардың мәліметінше, ел Президентінің тапсырмасына сай аймақта мұқтаж жандарды баспанамен қамту — өзекті мәселелердің бірі. Осыған сәйкес бүгінде Жетісу облысы әкімінің бастамасымен өңірде тұрғын үй құрылыстарын салу ісі қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 16 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әр жылы аймақта 2 мың адамды баспанамен қамту көзделген.
Қазір шаһардағы қолданысқа беріліп жатқан үйлердің біразы жергілікті және республикалық бюджет есебінен салынса, тағы бір бөлігі жеке кәсіпкерлер мен меценаттардың өз қаражаттарына тұрғызылуда.
Айдын КӘЛІМХАН






