Қазақ халқы табиғаттың әр құбылысын жіті бақылап, оған дәлме-дәл атау берген зерделі жұрт. Көшпенді өмір салты табиғаттың мінезін тануды, әр өзгерісін қалт жібермей бағамдауды талап етті. Сондықтан «дала дарындары» желдің де, жауынның да, тұманның да, қардың да сан алуан сипатын ажыратып отырған. Соның айқын дәлелі – қарға қатысты қалыптасқан жүзден астам атау.
Бүгінгі ұрпақ қар десе көбіне ақ ұлпа мен мамық қарды ғана елестетуі мүмкін. Ал ата-бабамыз қардың жаууына, жатуына, еруіне, қатуына, қалыңдығына, түсіне, құрылымына қарай сан түрлі атау қолданған. Әр атаудың астарында өмір тәжірибесі, табиғатты тану мәдениеті мен халықтық болжам жатыр. Мәселен, қыс хабарын жеткізетін алғашқы ақ ұлпа «басқар», «сонар қар» аталады. Мұндай кезде аңшылар түз тағысының ізін бағып, олжалы сапарға аттанған. Сондықтан сонар уақыт қазақ ұғымында ерекше кезең саналған.
Жаңа жауған тап-таза қарды халық «ақ қар» дейді. Егер ол құрғақ әрі жұмсақ күйінде түссе «құрым қар», «құрғақ қар» деп атайды. Ал үлбіреп, мамықтай қалықтап жауғаны «ұлпа қар», «үлпек қар», «үлпілдек қар», «ақұлпа», «мамық қар» деген атауларға ие болған.
Аспаннан ірі-ірі болып қалқып түскен түрі «жапалақ қар», «қапалақ қар», «қалпақ қар», «мақта қар», «тоғайбас қар», «серкебас қар» деп сипатталған. Қар түйіршіктерінің үлкендігі мен сыртқы пішініне қарап қойылған бұл атаулардың әрқайсысы халықтың байқағыштығын танытады.
Кейде қар көбелектей қалықтап түседі. Мұндай көріністі жұрт «көбелек қар» деп атаған. Ал бүршік-бүршік болып жауған түрі «бүршік қар» делінген. Ұсақ дәндер секілді себелегені «ұнтақ қар», «құм қар», «қиыршық қар» аталады. Баяу ғана қылаулап түскені «қылау қар» болса, бүркіп жауғаны «бүркек қар» немесе «шашу қар» деп аталған.
Қардың жауу қарқынына қарай да атаулар көп. Үзіліп-үзіліп түссе «үзік қар», «үзбе қар» дейді. Біртіндеп күшейіп жауса «үдемелі қар», ұзақ уақыт толастамай жауғаны «салқам қар», «үшбу қар» аталады. Қалыпты түсіп тұрғаны «жай қар» болса, боран араласып ұйытқығаны «ұйтқыма қар» деген атауға ие болған.
Желмен бірге жорғалап келгендей көрінетін қарды халқымыз «Ақжорға қар» деп бейнелі атаған. Ал бет қаратпай төпелеп, маңайды тұмшалап тастайтын қар «соқыр қар» аталады. Мұндай кезде жер мен көктің арасы тұтас ақ тұманға айналып кетеді.
Қардың жерге түсу ерекшелігі де назардан тыс қалмаған. Бір өңірге жауып, екінші өңірге тимей өткен қар «алақанат қар» делінеді. Ал бүкіл даланы тегіс жауып, ақ көрпеге бөлегені «ақ көрпе қар» аталады. Кейде қар жоталанып, толқын-толқын болып жатады. Мұндай көрініс «толқын қар» деген атауға негіз болған.
Желдің күшімен бір жерге жиналған қар «үйме қар» аталады. Биіктеп үйілгені «тау қар», жар қабақтарына жиналғаны «жар қар», жылқының жалына ұқсап созылғаны «жал қар» деп сипатталады. Жел үрлеп нығыздаған түрі «үрме қар» аталған.
Қалыңдығына қарай да халық өлшем жасаған. Тобыққа жуық түссе «кебіс қар» деген. Ал аяқ бастырмайтын, көлік пен мал жүрісіне бөгет болатын түрі «сіреу қар» аталады.
Жаңбыр араласып түсетін қар түрлері де бар. Оның ең белгілісі – «сулы қар». Баяу еріп, су аралас жауғаны «жылбысқы қар», «жылбысқа қар» аталады. Еріген қардың қайта қатып, мұз аралас күйге түсуін халқымыз «анжыр» деген сөзбен белгілеген.
Қыс ортасына қарай қардың сипаты өзгере бастайды. Ұзақ жатқан қар нығыздалып «қасат қарға» айналады. Ерте түсіп, қыс бойы ерімей жатқан түрі «сүрі қар» аталады. Жел мен аяз қажап, бетіне шаң-тозаң сіңген мұндай қардың түсі де өзгереді.
Қатып қалған қардың өзіне бірнеше атау берілген. Үстін мұз басып, тайғанаққа айналғаны «сырғақ қар», «мұздақ қар» деп аталады. Қабат-қабат болып қатқан түрі «қатқат қар». Мұз сауытына оранған қарды халық «ақ сауыт қар» деген. Ал көктемге қарай жұқарып, темірдей жалтырап қалған қар «қаңылтыр қар» аталады.
Жер бетінде ұзақ жатқан қардың әр кезеңі жеке атаумен белгіленген. Шеті сөгіле бастағаны «көбе қар», тозып, мүжіле түскені «кемік қар», анда-санда ғана жалақтап қалғаны «жалақ қар» делінген. Ой мен қырда жолақтанып жатқан түрі «жолым қар» аталады.
Наурыз айында жауған қар халқымыз үшін ерекше құбылыс болған. Сондықтан оны «Наурыздың ақша қары» деп атаған. Күн мен түн теңелер шақта түсетін ақ ұлпа кей өңірлерде «ақуыз қар» аталған.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





