Домбыра – қазақ халқының киелі қазынасы. Сондықтан болар, «Қазақтың Қадыры» атанған Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қос ішекті аспапты қадір тұтқан. Үштөбе қаласында жас ұрпақты ұтлжандылыққа баулу мақсатында», домбыраға ескерткіш қойылды. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Бұл – аудандағы музыкалық аспапқа қойылған тұңғыш туынды. Қазақтың киелі аспабына арналған ескерткіш жөнінде аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров айтып берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда қазақ әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері Қабылиса жырау атындағы аллея ашылды. Мұнда қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Аллеяның ортасына домбыраға ескерткіш қойылды. Алдағы уақытта дыбыс аппаратурасы орнатылады. Кешкі уақытта қазақтың күйі күмбірлеп шығып тұрады, – деді ол.
Ескерткіш маңына табиғи тастар да қойылыпты. Болашақта оған Қабан жыраудың қанатты сөздері қашалып жазылмақ.
Жаңа ескерткіштің бой көтеруіне осындағы отандастарымыз, жергілікті тұрғындар риза.
– Домбыра – қазақтың ең көне музыкалық аспабы. Қос ішекті аспап қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты болғандықтан бұл ескерткіштің аудан орталығында қойылғаны біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта «Домбыра пати» сынды түрлі шара осы жерде өткізілсе дейміз, – дейді қала тұрғыны Жарбол Ертайұлы.
Ұлт мәдениетін, рухани әлемін айқындайтын асыл мұра қаланың ажарын ашып қана қоймай, келген меймандарға халқымыздың мәдениетін, музыка өнерін танытуға үлес қоспақ.
Айдар Қалиев





