Қазгидромет 5 қарашада Қазақстанның бірқатар облыстарында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады, 7-su.kz ақпарттық порталы.
Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда тұман түседі. Оралда да түнгі және таңғы сағаттарда тұман болады.
Қызылорда облысының шығысы мен орталығында тұман байқалады.
Жамбыл облысында таулы аудандарда қар жауып, көктайғақ пен тұман орнайды. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының батысы, солтүстігі және шығысы жаяу бұрқасынмен қамтылады, көктайғақ пайда болады, түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін артады.
Ақмола облысында солтүстік пен шығыс бөлігінде жаяу бұрқасын соғып, желдің бағыты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады. Екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысында оңтүстік, батыс және орталық аудандарда шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15–20 м/с шамасында болады.
Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын соғады.
Түркістан облысында таулы және тау бөктерлі аймақтарда көктайғақ пайда болып, тұман түседі. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде тұман мен көктайғақ байқалады.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз жаяу бұрқасын соғып, желдің екпіні кей тұста 23 м/с дейін күшейеді. Петропавлда оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Қарағанды облысының солтүстік және шығыс аймақтарында да жаяу бұрқасын байқалады.
Жетісу облысында таулы аймақтарда қалың қар түсіп, тұман мен көктайғақ байқалады. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с дейін артады. Түнде сынап бағаны -1…-6 градус суықты көрсетеді. Талдықорғанда көктайғақ орнайды.
Алматы облысында оңтүстік аймақтарда жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, таулы аудандарда қар мол түседі. Облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде тұман мен көктайғақ орнайды. Алматы мен Қонаев қалаларында да осыған ұқсас жағдай байқалады.





