Күнтізбе кестесінде 19 қазан ерекше күн ретінде тіркелген. Бұл – батырлар күні. Апат кезінде көмекке бірінші болып келіп, өмір үшін жан аямай арпалысатын ержүрек азаматтардың кәсіби мерекесі.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік» – деген еді. 1995 жылы бекітілген мерекенің 30 жылдығы Жетісу төрінде тойланды. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде «Отыз жыл қауіпсіздік күзетінде» атауымен өткен кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысып, қауіпте қалқан болған төтеншеліктерді құттықтады. Адам жанына араша түсуде ерекше көзге түскен майталмандарды да марапаттады.
– Қай кезде де мемлекет азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесіне баса назар аударып келеді. Құтқарушы мамандығының жауапкершілігі өте зор. Қашанда апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде құтқарушылар азаматтарға алғашқы болып қол ұшын созады. Оған мықты жүрек, машық және тәжірибе керек. Сонымен қатар, адам өмірін құтқару – жауапты миссия. Осындай міндетті абыроймен арқалап жүрген саланың әрбір қызметкері құрметке лайық, – деді Әлібек Әскербекұлы
Шара барысында облыстағы төтенше жағдайларды алдын алу, құтқарушылардың еңбегі мен қызметі, Төтенше жағдайлар департаментінің тарихы турасында бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң сөз тізгінін тартқан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Адамбек Оразалинов Жетісу облысының басшылығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, құрылымның әрбір қызметкерлерінің қандай қауіп болмасын дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, Адамбек Жеңісұлы мерейлі мерекеге орай облыс аумағында «Қазақстан ТЖМ-нің 30 жылдығына арналған 30 игі іс» акциясы өтіп жатқанын атап өтіп, жеткізіп, азаматтық қорғау, алдын алу және жою саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қосқан зор үлесі үшін «ҚР ТЖМ отыз жылдығы» мерейтойлық медальдарын табыстады.
Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұргелді Қойшыбаев сөз сөйлеп, кейінгі буынға алғаусыз алғыс жеткізді. Шара концерттік кешке ұласып, құтқарушыларды әсем әнге бөледі.
Дастанбек САДЫҚ





