Жетісу өңірінде «Бірлік пен елдік бастауы – Қазақ хандығы» атты облыстық семинар өтті. Тағылымды жиынның басты мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын терең зерделей отырып, оның елдік пен бірліктің бастауы ретіндегі маңызын оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану, ұлттық құндылықтар мен патриоттық идеяларды жас ұрпақтың санасына сіңіру жолдарын айқындау болды.
Облыстық семинарды Жетісу облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Шара барысында қатысушылар тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған заманауи әдіс-тәсілдермен бөлісіп, білім беру үдерісінде ұлттық тарихты оқытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Семинар барысында Облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері Әсел Асқарқызы биылғы жылдың тарихи маңызына тоқталды.
– Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – жай ғана атаулы күн емес, ұлт тарихындағы бетбұрыс кезеңді терең зерделеп, оны оқу-тәрбие үдерісінде ғылыми-әдістемелік тұрғыда тиімді қолдануға мүмкіндік беретін маңызды белес, – деді ол.
Сонымен қатар, XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың бастамасымен құрылған Қазақ хандығы қазақ халқының саяси дербестігін айқындап, аумақтық тұтастығы мен рухани бірегейлігінің негізін қалаған мемлекет екені атап өтілді. Бұл тарихи құбылыс этникалық топтардың бірігуі мен мемлекеттік дәстүрдің қалыптасуының заңды нәтижесі ретінде бағаланды.
Тарихи тағылымға толы семинар мазмұнды өтіп, қатысушыларға елдік пен бірліктің терең тамырын танытуға, ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған маңызды алаң болды.





