Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics and Peace – IEP) жариялаған 2026 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінде (Global Peace Index) Қазақстан әлемдегі ең бейбіт мемлекеттердің алғашқы елу қатарына енді. Рейтинг қорытындысы бойынша еліміз 44-орынға жайғасты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаһандық бейбітшілік индексі әлем елдеріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық деңгейін бағалайтын халықаралық зерттеулердің бірі саналады. Биыл сарапшылар 163 елді зерттеп, оларды 23 көрсеткіш бойынша бағалаған.
Бағалау кезінде қылмыс деңгейі, азаматтардың қауіпсіздігі, ішкі және сыртқы қақтығыстардың болуы, қоғамдық тұрақтылық және милитаризация деңгейі сияқты факторлар ескерілген.
Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның бейбітшілік индексі 1,771 баллды құрап, әлемдік рейтингте 44-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылық деңгейінің халықаралық деңгейде оң бағаланғанын көрсетеді.
Орталық Азия және ТМД елдері арасында Қазақстаннан жоғары нәтиже көрсеткен тағы бір мемлекет – Өзбекстан. Ол рейтингте 37-орынға орналасқан.





