Жиын басталғанда аудан әкімі Алмас Абдинов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңа Мәдениет үйінің ашылуы ауданның әлеуметтік-мәдени дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Блокты-модульді үлгіде тұрғызылған заманауи Мәдениет үйі қысқа мерзімде салынып, ел игілігіне ұсынылды. Мекеме ауыл жастары мен бүлдіршіндерінің шығармашылық қабілетін дамытуға, тұрғындардың мәдени демалысын сапалы ұйымдастыруға зор мүмкіндік береді. Мұнда концерттер, үйірмелер мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін іс-шара өткізуге толық жағдай жасалған.
150 орынға арналған көрермен залы бар бір қабатты Мәдениет үйі 367,5 шаршы метр аумақты алып жатыр. Жобаның жалпы құны 209 млн. 216 мың теңгені құрайды. Құрылысты «Электро Лидер» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп, авторлық қадағалауды «G6 Project» ЖШС, техникалық бақылауды «AAT Engineering ХХІ» ЖШС жүзеге асырған. Көркемдік қондырғылары мен дыбыс техникасы заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Қазақстан ауылы – берекесі мен бірлігі жарасқан, өнер мен мәдениеттің ордасы болған киелі мекен. Жаңа нысанның ашылуы елді мекеннің әлеуметтік-мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Көптен күткен Мәдениет үйі ауыл жастары мен бүлдіршіндері үшін шығармашылықтың қайнар көзі болып, тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік бермек. Ауыл өнерпаздары ұйымдастырған түрлі мәдени шара мен үйірме жергілікті жұртшылықтың рухани өмірін байыта түсетініне сенім мол.
Ашылу рәсімі ауыл өнерпаздары мен аудандық Мәдениет үйінің әртістері ұйымдастырған мерекелік концертке ұласты.
Рысалды ШАРАПИЕВА
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





