Қазақстанда алғаш рет риелторларды міндетті түрде сертификаттау жүйесі енгізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа тәртіп бойынша жылжымайтын мүлік саласының мамандары кәсіби біліктілігін растап, арнайы бірыңғай тізілімге енгізіледі. Ауқымды реформа тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты азайтып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған.
Бүгінде елде 25 мыңнан астам риелтор қызмет көрсетеді. Алайда олардың тек 30-35 пайызы ғана ресми тіркелген. Қалған бөлігі көлеңкелі секторда жұмыс істеп, салықтан жалтарады әрі көрсетілген қызмет үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды.
Жаңа жүйені PANA Ұлттық риелторлар палатасы әзірледі. Қазақстандықтар енді білікті мамандарды арнайы тізілім арқылы іздей алады. Сертификаттау процесінің негізгі талаптары:
-
Империаттивті прокторинг: Тест тапсыру кезінде білімді тәуелсіз тексеру жүйесі қолданылады. Мұнда нәтижені сатып алу немесе біреудің орнына кіру мүмкін емес.
-
Тест шарты: Ақылы тексеру құны – 80 мың теңге. Үміткерге 2 мүмкіндік беріледі. 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап берген маман 1 жылға жарамды сертификат алады.
-
Онлайн өту: Сынақ pana-urp.kz сайтында ұйымдастырылады. Алғашқы сертификат Астана қаласының риелторына табысталды.
Тұрғын үй сатып алу немесе жалға алу – әрбір отбасы үшін үлкен қаржылық қадам. Осы уақытқа дейін риелторлық қызмет саласы заң жүзінде нақты реттелмегендіктен, ғаламторда хабарландыру жариялаған кез келген адам өзін маман ретінде таныстыра беретін. Соның салдарынан жоғары комиссия алу, ақшаны иемденіп жоғалып кету сияқты алаяқтық деректері жиі тіркелді.
Өзін-өзі реттеу жүйесі мен сертификаттау – халықаралық озық тәжірибе. Сертификаттың болуы маманның заңнаманы білетінін, кәсіби тұрғыда дайындалғанын және өз қызметіне толық жауап беретінін дәлелдейді. Мұндай қадам көлеңкелі айналымды жойып, мемлекеттік бюджетке салық түсімін арттырады. Сонымен қатар ресми келісімшарт негізінде екі тараптың, артық шығыннан қорғалатын клиенттің де, риелтордың да құқығы заңды түрде қорғалады.





