Қазақстанда жас отбасылар арасындағы ажырасу – қоғам үшін алаңдатарлық құбылысқа айналып отыр. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары отбасылық өмірдің алғашқы жылдарына төтеп бере алмаған жастардың саны артуда.
2024 жылы елімізде 124 774 неке тіркеліп, соның 61 080-і ажырасумен аяқталған. Бұл – некелердің шамамен 49 пайызы сақталмайтынын білдіреді. Яғни әрбір екі некенің біреуі сәтсіз аяқталады. Бұдан бөлек, 2021 жылдан бері тіркелген ажырасулардың 29,2 пайызы – некенің алғашқы 1–4 жылы аралығында орын алған. Бұл жас отбасылар арасындағы тұрақсыздық деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.
Халықаралық рейтингтерге сәйкес, Қазақстан 2025 жылы әлемде ажырасу көрсеткіші ең жоғары елдердің қатарында екінші орынға шықты. Елде әрбір 1 000 адамға шаққанда 4,6 ажырасу тіркелген.
Мамандар жастар арасындағы ажырасудың бірнеше негізгі себебін атап өтеді:
Қаржылық тұрақсыздық пен баспана тапшылығы
Жас отбасылардың басым бөлігі тұрақты табыс көзінің болмауы, несиеге тәуелділік және баспана мәселесі салдарынан күйзеліске түсіп, жанұялық қарым-қатынас нашарлайды. Жалдамалы пәтерде тұру, тұрмыстық қиындықтар – ұсақ кикілжіңдерге, кейін үлкен дауға ұласуы мүмкін.
Психологиялық дайындықтың болмауы
Көптеген жастар отбасылық өмірдің жауапкершілігі мен күрделілігін толық сезінбей, эмоционалды дайындықсыз некеге тұрады. Сабыр, ымыра, қолдау көрсету сияқты маңызды дағдылардың жетіспеуі – түсініспеушілікке, соңында ажырасуға әкеліп соғады.
Зорлық-зомбылық пен зиянды әдеттер
Отбасындағы тұрмыстық зорлық, эмоциялық қысым, дөрекі қарым-қатынас – көп отбасының берекесін қашырады. Сонымен қатар, алкоголь мен құмар ойындарға тәуелділік те ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен құрметке сызат түсіреді.
Туыстар араласуы мен жеке кеңістіктің шектелуі
Ата-ене немесе басқа туыстардың жас отбасының ішкі мәселелеріне араласуы жұбайлардың жеке шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Бұл өзара түсіністіктің жоғалуына алып келеді. Отбасы – тек екі адам арасындағы емес, екі әулет арасындағы байланыс болғанымен, шектен тыс араласу кері әсерін тигізеді.
Цифрлық тәуелділік пен эмоционалдық алшақтық
Соңғы жылдары смартфон мен интернетке тәуелділік те ажырасудың жасырын себептерінің біріне айналды. Жұбайлар бір-бірімен сөйлесудің орнына виртуалды әлемге бой ұрып, біртіндеп бір-бірінен алыстай түседі. Бұл жағдай сенімсіздік пен суық қарым-қатынасқа себеп болып, неке берік болмай қалады.
Қоғамдық деңгейдегі салдар
Ажырасу – тек жеке отбасының емес, тұтас қоғамның әлеуметтік ахуалының көрінісі. Жастардың некеге әлеуметтік, психологиялық және қаржылық тұрғыдан дайын болуы аса маңызды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жастарға арналған қолдау тетіктерін күшейту, отбасы құндылықтарын дәріптеу – бұл мәселенің алдын алуға ықпал етері анық.
Аяулым Шынгаева