Қазақстанда көлік иелері үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алу жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілді. 5 қаңтардан бастап жүргізушілер бұрынғыдай кездейсоқ берілетін сандар мен әріптерге тәуелді болмайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Жаңа ережеге сәйкес, азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) өздеріне ұнайтын сандар мен әріптердің үйлесімін таңдауға құқылы. Бұл жаңашылдық «әдемі» нөмірлерге сұраныс жоғары қазіргі уақытта тұтынушылардың таңдау еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ең басты шарт – таңдалған комбинация базада бос және заң талаптарына сай болуы керек.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кез келген қалаулы әріптік және цифрлық белгісі бар нөмірдің құны 10-15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шамасында бекітілген. Процесс өте қарапайым:
- Жүргізуші көлігін тіркеу кезінде қалаған нөмірін ұсынады.
- Маман базадан оның бос немесе бос емес екенін тексереді.
- Егер нөмір бос болса, тиісті мемлекеттік баж салығы төленіп, рәсімделеді.
Бұған дейін мұндай ерекше комбинациялар тек арнайы тізім арқылы ғана қолжетімді еді. Енді жүйе барынша ашық жұмыс істейді.





