Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы №447 бұйрығына сәйкес, еліміздің аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге бір ай мерзімге уақытша тыйым салынды.
Шектеу барлық көлік түрлерімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын тауық жұмыртқаларына (СЭҚ ТН 040721) қатысты қолданылады.
Бұл ретте, тыйым Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға әсер етпейді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы жеткізілетін тауық жұмыртқаларына шектеу қойылмайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау мақсатында енгізілген.
Аталған бұйрық 2025 жылғы 11 желтоқсаннан бастап күшіне енді.
Бұйрықтың толық мәтінімен zan.gov.kz сайтында танысуға болады.





