Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден төмен болып, топырақтағы ылғал көлемі азаюы мүмкін.
Құрғақшылықтың негізгі ошағы ретінде Қостанай облысының Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласының маңы аталып отыр. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында Теректі, Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Ақжайық және Бөкейорда аудандарында атмосфералық ылғал тапшылығы байқалуы ықтимал.
Атырау облысының Құрманғазы ауданында, Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау және Қарақия аудандарында да ылғал мөлшері аз болатыны болжануда. Қарағанды облысында Ақтоғай мен Шет аудандарында, ал Абай облысының Аягөз ауданында да жағдай күрделі болуы мүмкін.
Алматы облысы бойынша Балқаш ауданында, Жамбыл облысында Мойынқұм ауданында, Түркістан облысында Созақ ауданында және Қызылорда облысының Арал, Қазалы мен Қармақшы аудандарында атмосфералық құрғақшылық тіркеледі деп күтілуде.
Ақтөбе облысында Қобда ауданында және облыс орталығының маңында ылғалдылық қалыпты деңгейде болады. Синоптиктер елдің қалған бөлігінде атмосфералық ылғал мөлшері нормаға жуық болатынын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай құрғақшылық егін шаруашылығы мен мал жайылымдарына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан аграрлық сала мамандарына алдағы маусымға алдын ала дайындық жасап, ылғал сақтау шараларын күшейту ұсынылады.