Мемлекеттік шекара – ел тәуелсіздігінің кепілі
Қазақстан шекарасы тәуелсіздік жылдарында халықаралық құқық талаптарына сай толықтай шегенделіп, демаркацияланды. Бүгінде еліміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Құрлықтағы шекараның ұзындығы – 13 402 шақырым, судағы шекара – 1 730 шақырым. Оның ішінде Қазақстан–Ресей шекарасы – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара (7 591 шақырым).
Қауіпсіздік пен заң тәртібі
Шекара қызметінің негізгі міндеттері – мемлекеттік шекара режимін сақтау, бақылау-өткізу пунктерінің жұмысын қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон мен контрабанданы болдырмау, браконьерлікке қарсы күрес жүргізу. Ел периметрі бойынша жүзден аса өткізу пункті жұмыс істейді. Соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру, паспорттық бақылауды жетілдіру бағытында жүйелі шаралар қабылданды.
Шекарашылардың күнделікті еңбегі – көші-қон заңнамасын бұзғандарды анықтау, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз алып өтудің жолын кесу, браконьерлікке қарсы рейд жүргізу сияқты аса жауапты жұмыстардан тұрады. Бұл – тек қорғаныс саласының ғана емес, елдің экономикалық, экологиялық және қоғамдық қауіпсіздігінің кепілі.
Әлеуметтік қолдау және кадр даярлау
Шекарашылардың әлеуметтік жағдайы мемлекет назарында. Жалақы өсіп, медициналық қамтамасыз ету жақсарды. Әскери қызметшілерге білім алу шығындарын өтеу, тұрғын үймен қамту сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен бірге ҰҚК Академиясы мен арнайы оқу орындарында кәсіби мамандар даярланып, заманауи цифрлық технологияларды меңгеру ісі күшейтіліп келеді.
Экономикалық дәліз
Мемлекеттік шекара – тек саяси сызық қана емес, экономикалық дәліз. Сондықтан шекарадағы тәртіп, ашықтық пен қауіпсіздік ел дамуы үшін аса маңызды. Шекара қызметі азаматтардың қауіпсіздігін, бизнестің еркін дамуын және мемлекеттің заңды мүдделерін тең ұстап келеді.
18 тамыз – шекарашылардың ерен еңбегін бағалайтын күн. Мемлекеттік шекараны күзету – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі буынның міндеті – ата-баба аманатын қорғап, еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын қамтамасыз ету.
«Жетісу-Ақпарат»





