Осы қараша айының басында «Abai.kz» ақпараттық порталында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің «Ел газеттеріне банкрот болу қаупі төніп тұр!» тақырыбындағы мақаласы жарияланды. Онда мерзімді басылымдарды пошта арқылы тарату қызметі ақысының 1000 пайызға дейін артқаны, баспасөзге жазу қызметі үшін де пайыздық мөлшерлемесінің еселеп өскені айтылды.
Қатардағы оқырманның бұл жерде «Е, онда тұрған не бар, газетті тарату, жаздыру бағасы ғана емес, басқа дүниелер де қымбаттап жатқан жоқ па? Депутаттар да (бұл жерде журналистер деп ұғыныңыз) қара аспанды төндіре береді ғой» деп жайбарақаттық танытуы мүмкін екенін де сезіп отырмыз. Әйтсе де бұл мақаланың негізсіз байбалам емес, тұтас бір ұлттық баспасөз өкілдерінің жанайқайын білдіретін жарияланым екенін де бірден ескерте кетейік.
Әңгімемізді дәл бұлай бастауға себеп, негіз де жоқ емес. Нақтырақ айтатын болсақ, бірқатар өңірлік басылым жаңа тариф қолданылмай тұрып-ақ банкрот болудың алдында тұр. Пошта алдындағы ғана емес, баспахана алдындағы қордаланған қарыздарын өтей алмай бірнеше апта бойы оқырманға жетпей қалған басылымдар бар. Бұған Талдықорғандағы «Офсет» баспаханасының директоры Бақберген Түкібаевпен әңгімелесу барысында көз жеткіздік.
Өңірлік мерзімді басылымдармен көптен бері жұмыс істеп келе жатқан Бақберген Сүйінбайұлы олардың жағдайымен санасып жеңілдіктер жасап, кейбір газеттердің азды-көпті қарыздарына қарамастан басылымдарды басуды тоқтатпастан келеді. Бізбен әңгімесінде ол «Кейбір аудандық газеттердің қарыздары екі миллион теңгеге жетіп қалды. Ондай басылымдардың басшыларына қарыздарыңызды ай сайын аз-аздап болса да қайтарып тұрсаңыздаршы» деген өтініш айтамыз. Кейбіреулері соның өзін жасай алмайды. Амал жоқ, әйтеуір бір қайтарармыз деген сөздеріне сеніп қарызға жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз», – деп ағынан жарылды.
Иә, бұрынғы тарифпен, бұрынғы бағамен жұмыс істеген аудандық газеттердің бірқатары осылайша банкротқа ұшырау алдында тұр. Олардың жаңа жылдан бастап жаңа бағамен – «Қазпоштаның» тонаушылық тарифімен жұмыс істеуге мәжбүр болатын кездегі жағдайы не болмақ? Мақалада айтылғандай, мемлекеттің ақпараттық тапсырысқа бөлінетін қаржысын газет тарататын алпауыттың ғана қалтасына құйып беріп қарап отырмақпыз ба?
Мемлекеттік тапсырыс сомасы газет тарататын алпауыттың мәселесін шешуге ғана жұмсалатын болғаны ма?
Облыстық газетті ғана мысалға алатын болсақ, «Қазпошта» газетімізді оқырманға аптасына үш рет жеткізгені үшін қомақты қаржы сұрап отыр. Осы жерде ең алдымен аталған мекеме газет жеткізу жөніндегі міндетін ойдағыдай атқарып отыр ма деген сұрақ та туындамай қоймайды. Олай дейтініміз, ауылдық жерде тұратын оқырмандарымыздың газеттің аптасына бір-ақ рет жеткізілетінін, соған орай ондағы ақпараттың ескіріп кететінін айтып әлімсақтан бері зар илеп келе жатқаны жалпақ жұртқа мәлім. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, оны айта-айта, жаза-жаза біз де шаршағанбыз. Содан кейін де «Қазпошта» «Осыған елдің еті әбден үйреніп кетті, бұрынғыша аптасына бір-ақ рет апара береміз де үш рет апарғанның ақшасын күреп аламыз» деп алақандарына түкіріп отырса керек.
Бұл дәмелері жүзеге аса қояр ма екен?.. Бірақ ештеңеге таңғалуға да болмайды. Әрекетсіз отыра беретін болсақ жүзеге асып кетуі де мүмкін-ау!..
«Қазпоштаның» бұған дейін де алып келген ақшасы аз емес болатын. Оны қоя тұрып, басылымдарын қарызға бастырып жүрген газеттердің мысалына қайта оралайық.
Бұл жерде «Офсет» баспаханасының басшылығына алғыс айта отырып, басылымдардың қарыздарын жабуға талпыныс жасамай отырған аудандық әкімдіктерді де кінәлайын деп отырған жоқпыз. Газеттер бүгінде жекешеленіп кеткен, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс сомасын пайдаланып, кейбірі өздеріндей жекеменшіктегі газеттермен бөлісіп отыр. Соған орай, өз күндерін өзі көруі, туындаған мәселені өз күштерімен шешіп, қарызды өз қалталарынан төлеуі тиіс. Жабылып қалып жатса да бұл жерде ешкімді кінәлауға болмайды.
«Баспахана алдындағы берешегімізді төлейтініміз жайлы кепілдеме хат беріп, қарызымызды газетке жазылудан түсіп жатқан қаржыдан қайтарсақ дейміз», – дейді сондай қарыз газеттің бірінің басшылығымен сөйлескенімізде.
Иә, бұл да тығырықтан шығудың бір амалы шығар, алайда басылымның жаңа жылдан кейінгі қаржылық жағдайы не болмақ? Жаңағыдай тонаушылық тариф аудандық газеттің адымын болашақта да аштыра қояр ма екен? Мекеме, ұйым, кәсіпорын басшыларының бәрі баспасөзге жаздырудан бастарын ала қашып отырған кезеңде жазылымнан қаншалықты қаржы түсе қоймақ? Күрделі мәселе.
Бір сөзбен айтқанда, ғасырға жуық уақыт бойы жарық көріп келе жатқан, соншама жылдар бойы өңірдің жылнамасын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын үзбей жазып жүрген газеттердің бірқатары жабылудың аз-ақ алдында. Мың жерден жекеменшік десек те байырғы басылымдар тарихының дәл осы тұста үзіліп қалатыны жан ауыртпай қоймайды.
Оны тығырықтан шығаратын жалғыз жол – аудан азаматтарының, өңірдің шынайы патриоттарының жанды көмегі дер едік. Қалталы азаматтар басылымды осы бір қиындықтан шығарып жіберіп, жалпы өңір халқы газетке жаппай жазылып жатса, бұл уақытша қиындықты да еңсеруге болатын шығар.
Осы жерде газетке жаппай жазылу жайының бұл кезде көзден бал-бұл ұшқанын да айтпай тұра алмаймыз. Бұрындары өңір, аймақ басшылығының күнделікті жұмысын жан-жақты көрсетіп тұратын, Мемлекет басшысының саясатын жүргізетін мерзімді басылымдарды көпшілікке жаздырумен аудан, қала, ауыл әкімдері тікелей айналысатын болса, бүгінде бұл шаруа жайына қалған деуге болады. Бұған ұжымына «Газетке жазылыңыздар, өңірімізде облыс, аудан басшылығы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайын, өзге де жақсы жайттар жайында күнделікті біліп отырайық» деген сөз айтқан басшыны жемқорлар қатарына қойып, «жауапқа тартамыз» деп зәрелерін ұшырған құқыққорғау органдары да себеп болды.
Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет» деген сөзі ойға оралады.
Иә, Мемлекет басшысының газет шығарудағы сабақтастықты сақтап қалу жөніндегі талабы жаңағыдай «жауапқа тартамыз» деген айыптаумен мүлдем үйлеспейді. Ендеше, бұл позицияны да нақтылап алудың, тіпті мүлдем өзгертудің уақыты келген сияқты. Қалай дегенмен де, Президентіміз айтқандай, өңір, аймақ жылнамашысы саналатын ғасырлық тарихы бар басылымдарды сақтап қалып, аға буынның сара жолын лайықты жалғастыруымыз қажет-ақ.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы





