Өткен жылдан бері өңірдегі 10 жас ғалым баспаналы болып, ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша ақы мөлшері 25 АЕК-ке дейін өскен. Жалпы, Жетісу университетінің 13 жас зерттеушісі өзінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Ал жобаларын 3 жылда іске асыру үшін, оларға жыл сайын 10 млн. теңге көлемінде қаржы беріледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ұлғайтылды, ғылыми ұйымдар жаңғыртылуда, шетелде тағылымдамалар саны артуда, бұл өз кезегінде жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді. Университет қазір жас ғалымдарға айрықша көңіл бөлуде. Мұндағы ғалымдар ғылыми инфрақұрылымды кеңейтуге күш салып, бағдарламалық қаржыландыру конкурстарына қатысуды жалғастыратын болады. Біз агробиотехнология, экология және қалдықсыз қайта өңдеу саласындағы дамуды күшейтпекпіз. Жетісу өңірінде сұранысқа ие кадрларды даярлауды да жоспарлап отырмыз, – дейді Жетісу университетінің басқарма мүшесі, ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.
Бүгінгі таңда Жетісу университеті шетелдік оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен 77 келісімге қол қойған. Биылғы оқу жылында 14 ЖОО-мен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасаған. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 10 шетелдік ғалым келіп дәріс өткізсе, республикадағы 15 ғалым университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен шақырылыпты. Профессор-оқытушылар құрамының алмасу бағдарламасы аясында бес оқытушы сабақ өткізеді.
– Университет жас ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында 2021 жылдан бері өзінің университетішілік «Jas galym» конкурсын өткізіп келеді. 2025 жылы 16 млн. теңгеге 8 жобаның орындалуына қолдау көрсетілді. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын жас ғалымдардың саны 50-ден асты, – дейді І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Ләззат Қарашолақова.
Студенттер мен магистранттардың академиялық ұтқырлығы шеңберінде Польша, Оңтүстік Корея және Малайзия жоғары оқу орындарында 10 студент, Түркия жоғары оқу орындарында университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен 13 студент оқытылыпты. Ішкі академиялық ұтқырлық бойынша 12 студент Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыса, серіктес жоғары оқу орындарынан 43 адам оқуға қабылданған. Erasmus Key Action бағдарламасы бойынша магистранттар Италиядағы Камерино университетіне оқуға жіберілмек.
Өткен жылы университеттің 16 ғалымы шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіпті.
Жалпы, Жетісу университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын 28 жоба жүзеге асырылуда.
Ясин ОРАЛБЕК